Русский Сайттың толық нұсқасы

1 қазаннан бастап Алматы автобустарында электронды билеттер жүйесі қолданысқа енеді

  • AstanaTV
  • 11 қыркүйек 2015
  • 1437

Алматының қоғамдық көліктерінде айналымда жүрген көлеңкелі қаражатқа шектеу қою керек. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің қатысумен өткен басқосуда осындай мәлімдеме жасады. Осы орайда әкім электронды билет жүйесін енгізіп, жекеменшік компанияларға қарасты автобустарды жаңарту керектігін алға тартты. Тақырыпты алматылық тілшіміз Самат Қанағатов  толықтырады.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Бұл жерде біз көлеңкелі қаражатты сөз қылып отырмыз. Бұған шектеу қойып, нарық көлемін анықтаймыз. Қоғамдық көлік - әлеуметтік саланың маңызды бөлігі. Одан салық алынуы керек. Бірақ жекеменшік компаниялар тек шығындарын көрсетеді. Соған қарамастан, нарықтан кететін емес. Егер соңғы 10 жылда оларда кіріс болмаса, онда қалай жұмыс істеп жатыр? Олар салықтан түскен қаражат өздеріне қайтатынынын түсінуі керек.

Алматыда жолаушы тасымалымен айналысатын автопарктердің 25 пайызы жекеменшік компаниялар қолында. Оларға тиесілі автобустарға электронды валидаторлар орнатылған. Дегенмен кейбір ұжымдар әлі де билет сатушылардың көмегіне жүгінеді. Көлеңкелі айналымда жүрген қаражатқа шектеу қою үшін, қала әкімдігі барлық қоғамдық көліктерді электронды билет сату жүйесіне ауыстырмақ. Дегенмен, жаңа жүйенің қаншалықты тиімді боларына алаңдаушылар көп.

Ризабек Бибакиров, «Мәдина» ЖШС автопаркінің өкілі: 

Шоферлер үшін тиімді болады деп ойлай қоймаймын енді. Уақытында халық ақша төлесе, мекемеге түсетін болса, шоферларға да түседі. Ал егер халық төлемей, тегін жүріп жатса, қиын болады деп ойлаймын. -Неге? - Енді ақша бізге бөлінбей, паркке ақша бөлінбейтін болса, шоферлер қайдан алады ақшаны. Кім береді оған?

Мәди Қалиевтің қоғамдық көлікті басқарып жүргеніне 5 жыл. Ол Алматы іргесіндегі ауылдан келген отбасымен айына 25 мың теңгеге бөлме жалдап тұратынын айтады. «Электронды билет сату жүйесіне қарсылығым жоқ. Ең бастысы жалақысы дұрыс болса», - дейді ол.

Мәди Қалиев, жүргізуші: 

Карточка жағын қойса, істейміз, айлығымыз жақсы төленсе. Бұрын кондукторлар болғанда әйтеуір 2-3 мың алып кететінбіз жолымызға, анау-мынау нан пұлға. Көреміз біздің бастық айтса, қарсы емеспіз ғой. Негізі маршрутымыз қысқа. Абай-Ленин-Қажымұқанға дейін баратынбыз. Қазір Абай-Гагаринға дейін. Негізі созса, дейміз. 

Көлеңкелі бизнес арқылы пайда тауып отырған автопарктерге қатысты қала тұрғындарының пікірі сан қилы. 

Олардың да тапқан табысын бала-шағасына апарады. Басқа кімге апарады. Ал қалғанының барлығын планға өткізеді. 


Бұл кісілердің жұмысы ауыр. Таңертеңнен кешке дейін. Ол енді өздерінің нандары. Мен ойлаймын, енді ол да дұрыс шығар.

Оларда бірінші зарплатасы жоғары болса, өйтіп ұрламас, деп ойлаймын. Сол зарплатасына қарай ғой өздерінің. Аз алатын болса, бала-шағалары бар, тамақтандыру керек оларды.

Қала әкімдігінің дерегінше, соңғы он жылда жекеменшік автопарктердегі автобустар жаңартылмапты. Олардың көбісінің тозығы жеткен. Электронды билет жүйесі енгізілгеннен кейін көлеңкелі айналымдағы қаражатқа шектеу қойылып, одан түскен салық халыққа қолайлы әрі қауіпсіз заманауи автобустар сатып алу жоспарда бар.

Еске салайық, 1 қазаннан бастап Алматы автобустарында электронды билеттер жүйесі қолданысқа кіреді. Бұл жоба жеке инвесторлар арқылы жүзеге асырылмақ.

Самат ҚАНАҒАТОВ