Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Астанада басталды

  • AstanaTV
  • 11 қыркүйек 2015
  • 3995

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Астанада басталды. Бүгін Елорда төрінде өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: "Бізге бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған ата тарихымыздың әрбір парағы қымбат", - деді. Екі мыңнан астам мейман жиналған Тәуелсіздік сарайында сөз сөйлеген Президент «Қазақстан - ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала елі» екендгін мақтанышпен жеткізді. Ұлттық келбетімізді ешқашан жоғалтпағанымызды қадап айтты. Салтанатты жиынға елдің зиялы қауым өкілдерімен қоса, бірқатар шет мемлекеттердің президенттері, халықаралық қауымдастық мүшелері қатысты.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көлемді шаралардың ақтық кезеңіне келіп жеттік. Салтанатты жиынның Елордада өтуі заңды да. Торқалы тойға Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия парламенті төрағасы мен Түркіменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары арнайы келді. Айта кетерлігі, Түркия президенті Эрдоған мырза еліндегі ахуалға байланысты келе алмайтынын айтып, Елбасына арнайы қоңырау шалған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті ханымдар мен мырзалар, мәртебелі меймандар, Қазақ хандығының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі торқалы тоймен шын жүрегімнен құттықтаймын.

Президент сөзінің басында патшалық Ресейге отар болып, қазан төңкерісі мен азамат соғысын бастан өткергенімізге тоқталды. 32 жылғы ашаршылық нәубетінде, Ұлы Отан соғысында қаншама боздақтардан айрылғанымызды еске алды. Сонда да азаттықты аңсаған қазақ өршіл рухы мен ұлттық келбетін жоғалтқан емес деді. Тарихымызды ұмыттыруға барын салған кеңес заманында тарих оқулығы пышақтың қырындай болған сұрқай саясатты да қозғап өтті. Қазақ хандарының ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бұрынырақ бір жазғанымда айтқан едім, «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ», деп. Бүгін сол сөзімнің жалғасы ретінде айтар едім, бізге бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған ата тарихымыздың әр парағы ерекше қымбат. Қазақ халқының бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым мақтан ететін болады.

Президент қазақтың алғашқы 14 ханының жетеуі жорық жолында қаза тапқанын еске алып, қазақ халқы Ұлы Даланың перзенттері екенін ерекше тебіреніспен қадап айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан бері Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз - солардың жалғасымыз. Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып, жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз - ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала елі. Бұл - біздің тағдырымыз. Бұл - біздің таңдауымыз. Мәңгілік елімізде бейбітшілік пен береке бола берсін! Халқымыз аман болсын!

Айгүл Әдепбай, тілші:

Сонымен қатар Елбасы «түрік» сөзінің бір мағынасы бірігу, бірлік дей келе, барша түркі халықтары бірге, береке бірлікте болуы үшін жаратылғанын еске салды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын түркі тілдес мемлекеттердің бесінші саммитімен тұспа-тұс келді. Мерейтойдың салтанатты ашылуына қатысатын жұрттың көңіл-күйі көтеріңкі. Тіпті жайда салмақты депутаттардың өзі шығармашылыққа ерік беріп, лебіздерін өлеңмен жеткізді.


Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Қаншама хандар өтті бұл қазақта, Абылай - содан бергі дара тұлға, Болашақ өз ғұмырын жалғау үшін, Жан қиып, жауға шапқан жолбарысым. Қазақта Кенекеме ер жете ме? Бермеген басын беріп, ар намысын. Болмаса ел өз перзентін мұңайтады. Шындықты мен айтпасам, кім айтады? Өз елін баба арманын орындаған Мәңгілік ел қылам деп, ер айтады. - Рахмет, аға, өзіңіз жаздыңыз ба? - Енді кім жазады енді?

Берік Уәли, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі:

Жалпы бұл - көшпенділер мәдениетінің мұрагері бар екендігін білдіретін шара. Бұл және билік пен бұқараны жақындататыны да айқын. Және де осындай кезеңде мұндай ауқымды іс-шараның мемлекеттік деңгейде, тіпті халықарлық деңгейде атап өтілуі - біздің мемлекетіміздің мерейін арттыратыны сөзсіз.

Керей мен Жәнібек хандар Қозыбасы тауының етегінде шаңырағын көтерген қазақ хандығынан өркендей отырып, мәңгілік елге жеттік. Негізгі іс-шаралардың екінші кезеңі Тараз қаласында жалғасады. 2000 жылдық тарихы бар көне шаһарда бір айдан соң Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент ашылмақ. Ал Астанадағы той үш күнге жалғасады. Қазақ елі алаңында бой түзеген этноауылдың думаны қыркүйектің 13-не дейін созылмақ.

Айгүл ӘДЕПБАЙ