Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық әйелдер 300-ге жуық кәсіптен қағылып отыр

  • AstanaTV
  • 14 қыркүйек 2015
  • 2415

Қазақстандық әйелдер 300-ге жуық кәсіптен қағылып отыр. Мұндай тосын ақпаратты әлемнің бір топ мемлекетінде арнайы сараптама жүргізген Дүниежүзілік банк таратты. Анықталғандай, нәзік жандарға тыйым салынған мамандықтардың дені ауыр жұмыстар. Дегенмен, бұл шектеу ерлер мен әйелдер арасындағы гендерлік аражікті алшақтатады, деп санайды халықаралық ұйым. Әсіресе, соңғылары табыс табу мүмкіндігінен мейлінше ұтылады. Әсемгүл Мұхитқызы олар қандай мамандықтар екенін біліп келді. 

Өрт сөндіру қызметінде жиырма жылдай жұмыс істейтін Оксана Согринаның әр күні осылай басталады. Қызметтік көліктердің жағдайын тексеру, қол астындағы ер азаматтарға тиісті тапсырма беру. Ең бастысы, төтенше жайт болса, оқиға орнына шұғыл жету. Кәсібі үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Бірақ сонысымен қызықты, - дейді Оксана. 

Оксана Согрина, Павлодар ауданы ТЖБ бөлім басшысы:

Бұл мамандық - ерлердікі негізі. Бірақ, байқап отырғаныңыздай, бір кісідей атқарып келемін. Әрине, қиындықтар болады. Әсіресе төтенше жағдайлар кезінде. Тұрғындармен жұмыс істейсің. Кейде психолог болуға тура келеді.

Әйелдерге тыйым салынған мамандықтың бірі - ағаш ұстасы. Таңдау -  кәсіптің қара күшті талап етуіне байланысты жасалса керек.

Мұнымен тәжірибелі ұста Нұржан Темірбек те толықтай келіседі. Айтуынша, әр жұмыстың өз мүмкіндігі мен шектеуі бар. 

Нұржан Темірбек, технология пәнінің мұғалімі, ағаш ұстасы:

Әйелдер әр салада жұмыс істей алады. Бірақ, менің ойымша, мысалы, плотниктің жұмысы адамнан күшті талап етеді. Мысалы, жүктерді тасу керек. Соның бәрі әйел адамдарына қиынырақ бола ма, деп ойлаймын.

Бұл мәселеге қатысты тұрғындардың пікірі де әрқилы.

Әйел адам өте төзімді. Жауапкершілігі мол. Көп жұмыстар қазіргі уақытта әйелдің қолынан келеді.

Мен әйел адамның ауыр жұмыс ітеуіне қарсымын. Яғни әйел адам табиғатынан өте нәзік. Ол ана. Әйел адам бала тәрбиесімен айналысуы керек. Өзі әдемі болып жүруі керек. 

Женщинам все под силу. При чем даже более чем мужчине, мне кажется. Я считаю, нет таких профессий, которые уже только мужские.

Анықталғандай, қазақстандық арулар 300-ге жуық кәсіптен қағылуда. "Шектеу" қойылған мамандықтардың көш басында трактор, жүк көлігінің жүргізушісі, дәнекерлеуші, зауыт жұмысшысы, кәріз жұмыстары мен өндірістегі балықшы сынды кәсіптер тұр. Мысалы, көрші Ресейде бұл шектеу заңмен бекітілген.

Нұрмағамбет Жұмаділов, психолог:

Мемлекеттің мұндай қадамға баруы, меніңше, ең алдымен әйел адамның денсаулығын сақтап қалу үшін, жасалады. Өйткені олар ерлерге қарағанда табиғатынан нәзік. Сондықтан қара күшті талап ететін жұмысты атқаруға шектеу қойылған дұрыс, деп санаймын. Әсіресе психологиялық тұрғыдан дұрыс шешім.

Зерттелген 173 елдің тең жартысындағы әйелдер кәсіби теңсіздікке тап болады. Мәселен, 41 мемлекеттегі арулар белгілі бір өндіріс саласында қызмет ете алмайды. 29 елде олар түнгі ауысымға шықпаса, 18 мемлекеттің  азаматтары әйелдерінің жұмыс істеуіне тыйым салады екен.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ