Қазақстан
ірі құрылыс компаниялары доллардан бас тартып жатыр. Осылайша ұлттық валютаның
айналымын кеңейтпек. Бұл туралы Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының
төрағасы Айдын Рахымбаев мәлімдеді. Айтуларынша, доллардың қазіргі шарықтап
кеткен жағдайы құрылысшыларға тиімсіз. Сол себепті келесі аптадан бастап
алғашқы нарықтағы тұрғын үй бағасы тек қана теңгемен есептеледі. Бірақ бұл
жағдай баспана бағасына әсер етпей қоймайды. Шаршы метрлердің құны туралы Айгүл
Әдепбай.
Долларсыздандыру
саясаты Қазақстан құрылысшылары қауымдастығына да жетті. Енді
келісімшарттардың 70 пайызын теңгемен жүргіземіз, - деп отыр кеңес төрағасы Айдын
Рахымбаев.
Айдын
Рахымбаев, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы кеңесінің төрағасы:
Біз
барлығын теңгемен жазамыз. Келісімшарттар теңгемен жасалады. Сондықтан
шетелдіктер өз шығындарын өздері есептеп алады. Олар тәуекелге барады. Өйткені
оларға өз тауарын өткізу керек. Ал біз бағаны теңгемен қоямыз. Еуропамен
қиындау болады. Ол жерде біз тәуекелге барамыз. Қазір батыстан құрылыс
материалдарының 30 пайызын аламыз, ал болашақта оны 15 пайызға дейін
төмендетеміз. Доллардың қазіргі жағдайы бізге де, ресейліктерге де ұнамайды. Сондықтан бас тартып отырмыз.
Ал
экономистер, есепті теңгемен жүргізу мүмкін емес, дейді. Өйткені қазақстандық
құрылыстың 60 пайызы импорт материалдарға тәуелді. Ал бизнес класстағы үйдің 80
пайызы шетелдік материалдарға тұрғызылады. Мәселен, жайлылық санатындағы
пәтерді салу үшін қолданылатын құрылыс материалдары: 40 % - отандық құрылыс
материалдары, 30% - ресейлік құрылыс материалдары (шатыр жабдықтары, шыны,
сантехника, жабдықтаушы материалдар), 30% - алыс шетелдің құрылыс
материалдары (үйдің алдына, терезеге қолданылатын материалдар, лифттер).
Есесіне, эконом класстағы мемлекеттік бағдарламамен салынатын баспананың 70-80
пайызына отандық тауар қолданылады.
Жангелді
Шымшықов, экономист:
Олар
құрылысты әрі қарай қалай жүргізелі, өйткені 60 пайыздан астамын құрылыс
материалдарды шетелден әкеледі. Шетелде теңге тіпті Ресей де сатпайды,
көнбейді. Кіммен теңгемен айырысады, кім оған көнеді, қай американдық көнеді,
қай итальяндық көнеді? Тіпті Ресей көнбейді деп отырмын ғой, енді қалай ол.
Отандық
құрылыс компанияларының кейбірі теңгемен есеп айырысу тиімсіз болатынын айтады.
Мәселен, Өскемендегі пеноблок шығаратын компания негізгі шикізатын шетелден
сатып алады. Цемент, құм мен су ғана қазақстандық. Бірақ отандық цементтің
бағасы 17 пайызға қымбаттап кеткен. Ресейліктер де бағаны көтеретінін
ескертіпті. Кірпіштер мен тақталар алтынға бергісіз заманда шығынға батамыз деп, бас қатыруда кәсіпкерлер.
Владимир
Дрёмов, пеноблок шығаратын зауыт директоры:
Пластификатор
мен оның құрамдастарын Оңтүстік Корея, Италия, Ресейден аламыз. Бізге доллар
керек емес, бірақ бұл құрамтастардың бағасы долларға байланған. Сондықтан бізге
бағаны ұстау қиын. Долларды қолмақол ақша ретінде қолданбасақ та, барлық
саудамыз долларға тәуелді. Егер банктер қаржылық саясатын өзгертсе, бізге жеңіл
болар еді.
Ал
отандық құрылысшылар болашақта қазақстандық қамтуды 70 пайызға арттырамыз деп
отыр. Яғни құрылыс материалдары отандық болса, тұрғын үй бағасы да арзандайды, деген уәж келтіреді. Бірақ әзірге бағаның тұрақтайтын түрі жоқ.
Айдын
Рахымбаев, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы кеңесінің төрағасы:
Теңгемен
баға өседі. Нарық тұрақтағанмен де, теңгемен есептелетін баға көтеріледі.
Өйткені инфляция - болып отыратын құбылыс. Баға шаршы метрі үшін 260-290 теңгеге
жетеді. Алдағы 2-3 ай бойы осы баға болуы мүмкін. Бұл жайлылық санаттағы
үйлердің бағасы. Эконом класстағы үйлер 200 мың теңге шамасында қалатын шығар.
Ал бизнес класстағы үйдің шаршы метрі 300 мың теңгеден асады.
Доллардың
дауа бермей кеткені баспана бағасына әсер етпей қоймады. Шілде айымен
салыстырғанда үй құны тамыз айында 4,2 пайызға қымбаттаған. Сондықтан
құрылысшылар қауымдастығы қалай болғанда да доллардан бас тартамыз, деп
бекінген. Ұсыныстарын Үкіметке жеткізбекші.
Айгүл ӘДЕПБАЙ