Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан заңнамаларына жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ұсынылды

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2016
  • 2094

Қазақстан заңнамаларына жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу керек. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» форумы барысында осылай деді. Форум «Нұр Отан» партиясы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау республикалық қоғамдық кеңесі және «Атамекен» палатасының бастамасымен өтті.

Елімізде кәсіпкерлерді 61 бақылаушы орган қадағалайды. 45 министрлік пен водомствоның бақылаушы құзыреттері бар. Нәтижесінде кәсіпкерлер кәсібімен емес, тексеруші органдармен әлек, - деп атап өтті форумға қатысушылар. Айгүл Әдепбай жалғастырады.

Кім көп, кәсіпкерлерді тексерушілер көп. Прокуратуралық қадағалау тақырыбына арналған форумда бизнесті қысқан белбеуді босатудың амалдары ұсынылды. Кәсіпкерлердің шағымдары да тізілді. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына соңғы уақытта 12 мың шағым түскен бизнес өкілдерінен. Соның 4800 жағдайында мемлекеттік органдар заңсыз айып таққан. Палата төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлерге тағылған айыптардың 42 пайызы заңсыз екенін айтты. Өз кәсібін дөңгелетемін дегендерді түрлі-түсті талаптар қыспаққа алған. Бір ғана мысал, асхана ашамын деген кәсіпкер санитарлық норма бойынша 8 мың талапты орындауға міндетті екен.

Тимур Құлыбаев,«Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы:

Былтыр 54 мың тексеріс өткен деген статистика бар. Бізге кәсіпкерлерге тексеруші органдармен бас қатырмай, кәсібімен айналысуға мүмкіндік беру керек. 

Тимур Құлыбаев Қазақстан заңнамаларына жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуді ұсынды. Сол арқылы мемлекеттік органдар тарапынан тексерістерді азайту керек деп атап өтті. Және кәсіпкерлерді заңсыз қыспаққа алған шенеуніктер жауапқа тартуды ұсынды. Сонымен қатар қаржы министрлігі жанынан арнайы комиссия құрып, кәсіпкерлердің салықтық мәселелерін сотқа жеткізбей шешу керек дейді.

Мейрам Пішембаев, «Нұр Отан» партиясы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

Көптеген кәсіпкерлер үшін оның шағымын дер кезінде қарамау жағдайы кәсібінің жабылуына әкеп соғады. Сараптама кәсіпкер шағымын қарау процесінің көп сатылы екенін көрсетті. Мысалы, салық қазметінің заңсыз әрекетіне деген шағым жоғарғы салық органдарына жүгінген кезде ғана қаралады. Одан соң сот және прокуратураға жүгіне алады. Ал ондай жағдайлардың немен аяқталатынын алдын ала болжауға болады. Сондықтан сапасыз мемлекеттік қызметке тосқауыл қою үшін прокуратура, Атамекен және кәсіпкерлікті қолдау кеңесінің бірлескен қимыл алгоритмін құру керек.

Бізде мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауға алып, қысым жасауы басым. Өйткені азаматты қылмыстық қудалауға прокурорлар тосқауыл қоя алмайды. Бас прокурор есесіне прокуратураның жөн-жосызсыз тексермейтінін айтты бизнесті. Ал облыс прокурорлары кәсіпкерлердің соңына шырақ алып түссе, заң алдында жауап береді деп ескертті. Ал кәсіпкерлер тексеруші органдардан бірден жазаламай, бизнес өкіліне кемшілігін түзеуге уақыт беруді ұсынды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ