Астаналық полицейлер өз әйелін өртеп жіберген деген күдікке іліккен елордалық тұрғынды тұтқындады. Бұл туралы қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ақпарат таратты. Олардың дерегінше, жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде халықаралық іздеуде жүрген 43 жастағы Сәдуов Қанат Ғайсаұлы туыстарының жеке үйінде арнайы қазылған жертөлесінен табылған.
Еске салсақ, бұл оқиға мамыр айының аяғында орын алған еді. Астанадағы №25 мектепте жұмыс істеген әйелін Қанат Сәдуов сыртқа шығарып, үстіне жанармай құйып өртеп жіберген болатын. Денесінің 70 пайызын күйік шалған ұстаз ауруханада бір аптадай жатып, ақыры есін жимастан, көз жұмды. Кейін осы іске байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің "Адам өлтіру" бабы бойынша іс қозғалған-ды.
Жұрағат БАМАН