Русский Сайттың толық нұсқасы

Арқалықтағы аймақтық аурухана 4 жасар баланың анасына 500 мың теңгеден астам өтемақы төлейтін болды

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2015
  • 1423

Дәрігерлік қателік құны - жарты миллион. Арқалықтағы аймақтық аурухана, 4 жасар баланы керең қылып тастағаны үшін, 500 мың теңге өтемақы төлейтін болды. Қалалық сот осындай үкім шығарды. «Моральдық өтемақы баланың анасына берілуі тиіс», - деді облыстық баспасөз қызметінің мамандары.

Осыдан 2 жыл бұрын қызуы көтеріліп, жиі жөтеле бастаған балғынды анасы Арқалықтағы ауруханаға апарады. Дәрігерлер, «өкпесіне суық тиді», деген диагноз қойған. Бірақ, көп ұзамай,  «баланың денсаулығы жақсарды» деп, үйіне жіберіпті. Ал анасы оның есту қабілеті нашарлағанын байқайды. Сөйтіп, дереу облыс орталығындағы емханаларға қаратып, кейін Астана мен Алматыдағы орталықтарға жүгініпті. Мұндағы мамандар баланың есту қабілеті мүлдем төмендеп кеткендігін растайды. Баласының мүгедек болып қалғанына налыған ана емхана қызметкерлерін жауапқа тарту туралы талап-арыз түсірген болатын.

Ләззат Байғожина, Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы:

Арқалық қалалық сотының шешімімен жауапкерден 32 мың теңге көлемінде материалдық және 500 мың теңге көлемінде моральдық шығынды өндіру туралы шешім шығарылды. Қазір сот шешімі заңды күшіне енді. Алайда Қостанай облыстық сотында апелляциялық шағым бойынша қаралу үстінде.

Заңғар САНАЙ