Русский Сайттың толық нұсқасы

Мейірбикелердің қателігінен жапа шеккен балалардың ата-аналары кінәлілерді жауапқа тартып, емдеу ақысын төлеуді талап етті

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2015
  • 1672

Ал Қарағандыдағы облыстық клиникалық балалар ауруханасыда болған дәрігерлердің салғырттығы жазасыз қалмауы тиіс. Ауруханада жапа шеккен балалардың ата-аналары осылай деп отыр. Олар медицина қызметкерлерін мұқият тексеріп, ары қарайғы емдеу ақысын төлеуді талап етпек.

Еске салсақ, дүйсенбіде Қарағандыдағы облыстық клиникалық балалар ауруханасында мейірбике, 2 және 5 жастағы 2 бүлдіршіннің тік ішектерін шаю үшін, арнайы сұйықтықтың орнына 6 пайыздық сутегі тотығын құйып жіберген болатын. Осыдан соң балғындар жансақтау бөліміне түсіп, ажалдан аман қалған. 

Дархан Рақымжанов, жапа шеккен баланың әкесі: 

Баланың ішегіне қаншалықты зақым келгені әлі белгісіз, әзір ол білінбейді. 2 ай, тіпті 1 жылдан кейін, өсе келе, байқалады ғой. УЗИ, тексеру, ауруханадан ауруханаға апару керек. Оны кім төлейді?

Айтуларынша, балалардың жағдайы әлі де түзелмеген, тік ішегінен қан тоқтамай тұр. Екі бірдей бүлдіршінді мұндай өрескел жағдайға душар еткен балалар ауруханасының екі мейірбикесі жұмыстан босатылған. Ата-аналар бүгін медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаментіне шағымданды. Мекемеде арнайы комиссия құрылған. Олар ертеңнен бастап тексеруге кіріспек. Мамандар: "Балалар ауруханасының дәрі-дәрмек қоры мен ақ халаттылардың кәсіби біліктілігін қоса тексереміз",- деді.

Айжамал Батыралиева, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті департамент директорының орынбасары: 

Комиссия құрамына тәуелсіз сарапшы, анестезиолог, хирург, педиатрлар және біз кіреміз. Балалардың денсаулығына зиян келгені анықталса, кінәлілер әкімшілік қана емес, қылмыстық  жауапқа тартылуы мүмкін.