Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарамағындағыларға жақпаған оралдық ауыл әкімінің орынбасары

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2015
  • 1601

Оралда қарауындағы қызметкерлеріне жақпаған ауыл әкімінің орынбасары қызметінен босатылуы мүмкін. Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов ауданы Дариян ауылы әкімі орынбасарының ісін облыстық тәртіптік кеңес мүшелері қараған.

Әкімдік аппараты қызметкерлерінен түскен арызда ауылбасы орынбасары Мәншүк Баданованың қызмет бабын асыра пайдаланатыны, тым дөрекі екендігі айтылады. Сондай-ақ қарауындағы қызметкерлерді жеке шаруасы үшін жұмсап, тіпті бір маманды ұялы телефон ұрысы деп те айыптаған көрінеді.

Нұрлан Сүйінбаев, БҚО тәртіптік кеңес төрағасы:

Арызданушылар Мәншүк Баданова банктерден алған несиесін төлемегені туралы жазады. Банк жалақы карточкасын жауып тастағасын, айлығын қарауындағыларға аудармақ болыпты, бірақ ұжымдағылар келіспеген. Әрі жалдап тұрған пәтерлерінің ақысын төлемей, екі жылдың ішінде біраз үйді ауыстырып үлгіріпті.

Бірақ шенеунік бұл айыптауларды теріске шығарды. Айтуынша, қарауындағыларға ішімдік ішуге тыйым салып, тәртіпті талап еткені үшін жазықты болыпты.

Мәншүк Баданова, БҚО Зеленов ауданы Дариян ауылдық округі әкімінің орынбасары:

Қазіргі уақыттың өзінде аудандық мәдениет саласының айналасы бәрі лас. Көптеген кружоктар жұмыс жасамайды, тек қана спорттық секция жұмыс жасайды. Басқа кружоктар жұмыс жасамайды. Себебі ауыл тұрғындары ішетін жерлерге өздерінің балаларын жібермейді. Мәдениет үйі жұмыс істемейтінін мен талай рет жиналыстарда мәселе етіп көтердім. Сондықтан оларға, әрине, мен ұнамаймын.

Дегенмен, тәртіптік кеңес мүшелері шенеунікті, Ар-намыс кодексін аяқасты еткені үшін, қызметінен босату туралы ұйғарымға келіп, аудан әкімдігіне ұсыныс жолдады. Енді шенеуніктің тағдырын аудан әкімі шешеді.

Еркін КАРИН