Бұрынғы «Валют-Транзит Банк» салымшыларына ақшалары қайтарылмақ

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2015

9 жыл күткен қаражат. Бұрынғы «Валют-Транзит Банк» салымшыларына ақшалары қайтарыла бастайды. «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» мен «Ұлттық банктен» ол үшін 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

Андрей Беляевтің қаржы империясының құлауынан соң, «Валют-Транзит Банктің» 5 мыңға жуық салымшысы депозиттерінен айырылған еді. Бүгінде олардың 2700-і төлемдерін алуға өтініш білдірген. Мұндай мүмкіндікке салымшылар, «Банкротқа ұшыраған банктердегі депозиттерді төлеу туралы» заң күшіне енген соң ғана, қол жеткізіп отыр. Төлем «ЦентрКредит Банкі» арқылы жүргізіледі. Ол 5 миллион теңгеден аспайтын пайызсыз салымдарды толық қайтарып бермек. Банк салымшыларды жыл соңына дейін өз ақшаларын толық алып кетуге шақырады.


Бақыт Қоғылов, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы:

ВТБ салымшыларына төлемдердің жүргізіліп жатқанын естеріне саламыз. Жеке бастарын куәландыратын құжаттарды алып, өздері орналасқан мекен-жай бойынша «Центр Кредит» банкінің кез-келген бөлімшесіне  хабарласып, тиесілі төлемдерді алуға болады.

Айта кетейік, 2006 жылы «Валют-Транзит Банк» құрдымға кетіп, мыңдаған қазақстандық бар жиған-тергенінен айырылған болатын. Олардың аз ғана бөлігі салымдарының мемлекет кепілдендірген 700 мың теңгесін ғана қайтарып алған. Қалған 4 млрд теңгенің тағдыры белгісіз болған еді. Мүгедектер мен кеншілер, зейнеткерлер қаражаттарын даулап, талай наразылық шараларын өткізді. Бұл мәселе 9 жылға созылды. Адамдар жылдар бойы банк мүлкінің сатылуын күтуге мәжбүр болды. Ал ол әлі де өте баяу сатылып жатыр.

Айжан ҚУАШ