Батыс Қазақстан облысында
мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру барысында бірқатар
заңбұзушылықтарға жол берілген. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен
мәжілісте айтылды.
Прокурорлар дерегінше, 2014 жылдан
бері 86 заңбұзушылық тіркелген. Мәселен, Қаратөбе ауданында 20 жас маманның
арызы қаралмай қалған, Зеленов ауданында 3 маманның көтерме жәрдемақысы
төленбеген. Ал пысықтық танытқан түлектердің кейбірі әке-шешесінің ауылдағы
үйін мемлекет ақшасына кері сатып алып, бұл ақшаға көлік мініпті. Облыстың
Ақжайық ауданында осындай 10 оқиға тіркеліп, келген шығын 28,4 млн теңгені
құрады. «Бұл келеңсіздіктер «Дипломмен ауылға» бағдарламасына кесірін тигізуде»,
- дейді прокурорлар. Сондықтан оның алдын-алу үшін, жауапты орындармен бірлесе
жұмыс жасау керектігі пысықталды.
Жаннұр Ахметбек, БҚО прокуратурасының
басқарма басшысы:
Бұл жерде әрбір жағдайды жеке алып қараған
дұрыс, немесе әрбір жағдайды жеке-жеке зерттейміз. Мойындау керек, бұл жерде
заңнаманың жетілдірілмегенінің себебінен, осындай қаражаттың алынуына себеп
болған. Сондықтан бұл мәселе бойынша, тиісті заңнаманы жетілдіру бойынша
ұсыныстарымызды жоғары тұрған прокуратураға жолдайтын боламыз.
Еркін КАРИН