Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандағы тегін қызмет көрсететін дүкен қызметкерлері тығырыққа тірелді

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2015
  • 1584

Аз қамтылған отбасына тегін киім үлестіріп келген Қазақстандағы алғашқы дүкен жабылуы мүмкін. Оған Өскемендегі «Жәрдем» базары директорының дағдарысты желеу етіп, орынды жалға беру ақысын көтеруі себеп болған. Олар қайырымдылықпен айналысатын дүкенге 1 айға 120 мың теңгенің шотын жолдаған.

Айта кетейік, ерекше атауға ие - «Рахмет үшін» дүкені осыдан сегіз жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысындағы іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен мемлекеттік-жеке серіктестік аясында ашылған болатын. Осы уақыт аралығында дүкеннен жиырма бес мыңнан астам адам көмек алыпты. Тегін киім, кітап, тіпті жиһаз бен тұрмыстық техникаға дейін ақысыз қол жеткізгендердің дені - балалар үйі, сондай-ақ ауруханалар мен интернаттар.

Дүкеннің тұрақты тұтынушылары ақысыз қызмет көрсететін сауда нүктесін осы орнында қалдыруды сұрап әкімнің атына хат жазып отыр. Алайда шенеуніктерден жауап жоқ, ал «Рахмет үшін» әкімшілігі заттарын жинай бастаған. Бірақ әзірге көшіп барар жерлері жоқ.

Татьяна Цветкова, ШҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

Біз адамдарға пайда келтіріп жүрміз деп ойлағам. Оның үстіне бізге әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өзі ғимарат берген. Президентіміз де мемлекеттік кәсіпкерлік-әріптестік мәселесін көтеріп, біз сол бойынша жұмыс істеп келгенбіз. Енді, міне, бүгін таңқалдырып отыр. Ақша болса, төлеңдер, болмаса, босатыңдар, деген талап қойды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ