Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда автомобиль нарығы айтарлықтай тұралап қалды

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2015
  • 1648

Қызылжарда автомобиль нарығы едәуір тұралап қалды. Ресейден көлік айдап келушілер халық тарапынан сұраныстың бәсеңдегенін алға тартып отыр. Кейбір сарапшылар мұның себебін Ресей рублінің қымбаттауымен байланыстырады. Ал енді бірі "қазақстандықтар қашанғы темір тұлпар сатып ала берсін,қаржылары таусылған болар" деп болжайды. Жылжымалы мүлік бойынша бүгінгі қалыптасқан нарықты тілшіміз Абзал Құрманкин зерттеп қайтты.

Қызылжарлық Қайыржан Айсин рубль құнсызданған кезде қапы қалмай, Ресейден көлік айдап келуді кәсіп еткен. Жарты жылдың ішінде іскер жігіт көрші елден 10 темір тұлпар жеткізеді. Әрбір көліктің құнына 2-3 мың доллар қосып, сатып табысқа кенелген. Алайда, қазір  көлікке деген сұраныстың азайғаны байқалады,- дейді ол.

Қайыржан Айсин:

Ресейден Қазақстанға көліктер көптеп әкелініп,нәтижесінде біздің нарық темір тұлпарларға барынша толды. Бұған қоса, Қазақстанда жеңілдетілген несиелер беріле бастады. Тұрғындардың біразы осы  бағдарлама арқылы көлік сатып алды. Ал қазір сұраныс  жоқ. Автомобиль нарығы тұралап қалған сияқты.

Сауда-саттықтың төмендеуін көлік базарынан да байқауға болады. Қазір мұнда әдеттегідей сапырылысқан кісілер аз. Керісінше, шаң басқан көліктер ғана тұр. Базар басшысының орынбасары Серікжан Исиннің пайымдауынша, бүгінде Ресейден көлік айдап келу тиімсіз.

Серікжан Исинев, көлік базары директорының орынбасары:

Қазір Қазақстандағы көліктердің бағасы Ресейдің бағаларымен шамалас. Бүкіл шығындарды есептегенде, барудың қажеті жоқ. Осы жақтан сатып алған артық. Құжатпен де бас қатырмайсың. Жалпы, нарықтың бәсеңдеуі анық байқалады. Мәселен, былтыр мұнда 300-400 көлік тұрса, қазір бас аяғы 80 көліктей ғана бар.


Импорттық автомобильдердің  азаюын полицейлер де растап отыр. Осы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, қазір көліктерді тіркеу көрсеткіші шамамен 7 есе қысқарған.

Сергей Гизбрехт, СҚО ІІД тіркеу-емтихан бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Осы жылдың басында  бір күнде 270 көлікті тіркейтінбіз. Қазір бір аптаның ішінде көлік саны 290-ға ғана жетеді.Қысты күндері тіпті мемлекеттік нөмірлер жетпей қалатын. Ал қазір көлік айдау көрсеткіші күрт төмендеп кетті.

Абзал Құрманкин, тілші:

Ішкі істер департаменті өкілдерінің айтуынша, соңғы кездегі импортық көліктердің азаюына тек теңгенің еркін айналымға жіберілуі ғана емес, сондай-ақ еуро-4 стандартының енгізілуі де әсер етті. Ал дүйім жұрт: «бұған келе жатқан дағдарыс ықпалын тигізді», - дейді. Жалпы, дер кезінде қажетті заттармен қамданған бұқара қазір бүкіл қаражаттарын әмияндарында ұстап, тек қиын-қыстау заманнан аман-есен өтулерін тілеп отырған көрінеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН