Елдегі
қаржылай дағдарыс отандық жеңіл өнеркәсіпті де қыспаққа алып отырғаны жасырын
емес. Солардың қатарында шенеуніктер классикалық киімге тапсырыс беретін
Алматыдағы «Қазжеңілөнеркәсіп» тігін фабрикасы да бар. Кәсіби мамандар
тапшылығын айтпағанда, шетелден жеткізілетін құны қымбат шикізат та цехтардың
жұмысын тежеген. Бүгінде кәсіпорын тек мемлекеттік тапсырыспен шектеліп отыр.
Тығырықтан шығар жол іздеген фабрика ұжымының тыныс-тіршілігімен тілшіміз
танысып қайтты.
Мемлекеттік
тапсырысты ғана орындап отырған цехтарда кәдуілгі киім-кешектер өте аз
тігілуде. Өйткені өнімдерді насихаттау жеткілікісіз. Сапалы өнімдерімен
Үкіметтен мақтау естіген «Қазжеңілөнеркәсіп» маркетинг бөлімін құрып, көрші елдерге көрмеге шығуды бастаған. Бірақ
бұл аздық етеді. Сондықтан Үкіметтен көмек қажет.
Айбек Бектұрғанов, «Қазжеңілөнеркәсіп - Алматы»
тігін фабрикасының директоры:
ЦУМ-ды алайық, ол үкіметтің жері, соған біз
сияқты киім шығаратындарға уақытша уақыт берсе, жекеменшік емес уақытша соған
стенд қойып, жасап алайық, жазда сатамыз, жастар алады.
Отандық
киімдерді ел жапатармағай сатып алу үшін, өнім сапалы болуы тиіс. Тігіншілер
бұл мақсатта қарқынды жұмыс істеуге көшкен. Жуырда Елбасының өзі осы фабрика
тіккен костюмді киетінін айтып, кәсіпорынға тамаша жарнама жасағаны есте.
Бұл
өз кезегінде ұжымға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан тәжірибелі технологтарды дайындау үшін, фабрикада арнайы курс ашылды. Мұнда жас
мамандар түске дейін білім алып, түстен кейін
іс тігеді. Солардың бірі - Ақтоты
Салықбаева.
Ақтоты
Салықбаева, тігінші:
Арнайы
шеберлік сабақтарынан өтіп жатырмыз. Бізде жоғарыда шеберлік класс бар арнайы
курсты бітірдім. Қиыншылықсыз болмайды оны біз басышылардың көмегімен
технологтардың көмегімен шешеміз.
Ольга
Бабух, тігін цехының шебері:
Шикізаттың
бәрі сапалы. Көбіне Беларусь елінен келеді. Ал, былғарымен Ресей қамтамасыз
етуде.
Айтса
айтқандай, сапалы өнім өндіруге шикізат аздық етеді. Сондықтан елге ағылатын
импорт материалдардан өзге, соңғы үлгідегі киім дизайны да шетелден
жеткізілуде. Жақында италяндықтармен келісімшарт жасалды. Бір дизайн үлгісінің
құны - 1,5 мың еуроны құрайды. Доллар бағамының өсуіне байланысты кәсіпкерлер
бұған дейін құны 25 мың тұрған ерлер костюмін 30 мың теңгеге сатпақ.
Айбек Бектұрғанов, «Қазжеңілөнеркәсіп - Алматы» тігін фабрикасының директоры:
Шикізатты
шетелден аламыз ғой, бәрін долларға аламыз. Долларға даже орыстар рубльға сатса
да, долларға әкеліп жатады. Шикізатты көп аламыз, киім
өзіміздегі мақтадан ғана жасалмайды, өкінішке орай, басқасы жоқ. Өзбекстан долларға қарамайды, өзінің
ақшасымен, өзінің шикізатымен сауда
жасай береді. Кризис байқалмайды. Бізге де сондайға көшу
керек.
Биыл кәсіпорын 65 мың аяқ-киім, 30 мың киім-кешек шығарған. Жыл соңына дейін
өнім көлемін ұлғайтамыз деп отыр. Бастысы - киім тігу оңай, тек оны сатудың
мәселесін шешіп алу қажет. Әрекет түбі - берекет, дейтін кәсіпорын дағдарысқа
берілмейтінін айтады. Осы мақсатта Астана мен Алматы қалаларында дүкен ашуды
жоспарлап отыр. Сәтін салса, алдағы 2 жылда ішкі нарықтың 15 пайызы отандық
киім-кешекпен қамтамасыз етіледі, деген жоспар бар.
Айгүл
ЕРМАХАН