Русский Сайттың толық нұсқасы

Дубайға ителгі апармақ болған күдікті ұсталды

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2015
  • 9550

Шымкентте ителгілерді шетел асырмақ болған күдікті пара беру кезінде ұсталды. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерлеріне өзіне қатысты қылмыстық істі оңды шешу үшін 10 мың АҚШ долларын ұсынған. 

Ерлан Ермаханбетов, ОҚО МҚІСЖҚ іс-қимыл департаментінің баспасөз хатшысы:

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР ҚК 367-бабы 2-бөлігі, яғни «пара беру» дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Прокурордың санкциясымен күдіктіге қатысты кепіл түрінде бұлтартпау шарасы  қолданылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске салайық,14 қыркүйек күні Шымкент әуежайында кеденшілер 24 ителгі салынған екі шабаданды  анықтаған болатын. Жүктің иесі контрабандалық тірі тауарларды Дубайға ұшқалы тұрған ұшаққа тиемек болған еді. Шабадандарды жеткізген көлік жүргізушісі ол кезде, бұл жүктің  кімге тиесілі екенінен хабарсыз екенін, айтқан-ды. Кедендік бақылау бөлімі қызметкерлерінің мәліметі бойынша, әрбір құстың бағасы орта есеппен 22-25 мың АҚШ доллары тұрады. Қазір Қызыл кітапқа енген жыртқыш құстар Шымкент зообағында тіршілік етуде. Олардың әрі қарайғы тағдырын сот шешеді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ