Нарықта
доллардың ықпалы басым болғандықтан, отандық кәсіпкерлер мол шығынға батуда.
Орта және шағын бизнес иелерінің кейбірі, теңгенің еркін айналымынан соң тіпті
бизнесті жабу қаупінің күшейе түскенін, айтады. Оған себеп болған факторлардың бірі - коммерциялық жылжымайтын
мүліктерді жалға беру құнының артуы және
несиелердің шетел валютасымен үлестірілуі.
Бүгін Алматыда бір топ бизнесмен осы
мәселелер бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағымданды. Өңірлік
палатада мемлекеттік орган қызметкерлерінің қатысуымен «қоғамдық тыңдау»
ұйымдастырылды.
Ұлттық
банк, долларға тәуелділіктен біртіндеп бас тарту үшін, шаралар қолдануға көшті.
Бірақ бұл әзірге макроэкономикалық
тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Ал ішкі нарықтағы сауда
операцияларында доллардың ықпалы өз
өктемдігін әлі де жүргізе бермек. Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасында бизнес
қауымдастық өкілдері өткізген «қоғамдық тыңдауда» осы жәйттер айтылды. Олар
соңғы кездері доллардың бизнесті тұсаулап тастағанына наразы.
Геннадий
Шестаков, Қазақстан кедендік брокерлер қауымдастығының төрағасы:
Ірі
сауда орнының иесі саналатын алпауыттар шағын кәсіпкерлермен ойнап отыр.
Доллардың өсімімен бірге жалдау құны да артты. Жаңа жылдан кейін тағы 30
пайызға қымбаттайтынын ескертуде. Бұл жұмыс орындарының қысқаруына әкелері
анық. Сондықтан палатадан тараптарды бір
үстел басына отырғызып, келісімге келуге ықпал етуді сұраймыз.
Айтса айтқандай, саудамен немесе қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлер үшін
бутиктерді жалға беру бағасы өсуде. Елде тауар мен қызмет бағасын шетелдік валютада көрсетуге тыйым салынғаны
белгілі. Ойын-сауық орталығынан дүкен жалдап, киім-кешек саудасымен айналысатын
Василий Горевой коммерциялық нысандарды жалға беру кезінде АҚШ долларымен
есептесудің белең алып келе жатқанын жасырмайды.
Василий
Горевой, кәсіпкер:
Бизнес шығынға жұмыс істей бастады. Біздің
қатарымызда ондаған мың адам жұмыс істейді. Демек кәсібіміз тоқтаса, сатушы,
кассир сияқты әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар табысынан айырылмақ.
Жиында
қалалық кәсіпкерлер палатасы арнайы қарар қабылдады. Аталған құжат теңгенің
еркін айналымына орай туындаған салықтық ауыртпалықтар, кедендік алымдар мен
долларды пайдалануды шектеуді қарастырады. Қоғамдық тыңдау қорытындысы негізінде
кәсіп иелерінің өтініші Үкіметке жолданатын болады.
Қайрат
Құдайберген, Алматы кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары:
Ең
басты кедергі доллардан бас тартудың - ол адамдардың ойы. Барлық бастамалар, сату
операцияларын доллармен ойлаймыз. Енді осы менталитетті өзгертіп, теңгеге бас
бұрсақ, экономикалық проблемаларға ұшырамаушы едік. Демек адамдарға байланысты
бұл.
Қазақстан доллардан біртіндеп бас тарту үдерісінен шет қалмайды. Алдағы уақытта
кезең-кезеңімен заңнамалық өзгерістер енгізілмек. Ал оған дейін шағын
кәсіпкерлер үлкен сауда орындарының иелерімен екі жақты келісімдер жүргізуге
мүдделі. Мысалы, тапқан табысына қарай ғана, сауда алаңдарын жалға алу құнын
өтеуді ұсынады. Себебі бірқатар көршілес мемлекеттерде мұндай тәжірибе
қолданысқа ие, - дейді кәсіпкерлер.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ