1 қазаннан бастап шығысқазақстандық тасымалдаушылар жолақысын тағы 14% көтермек ниетте. Тұрғындар болса, қоғамдық көліктердің сапасы сын көтермейтінін айтып ашынады. Ал шенеуніктер тендер шарттарын орындамаған кәсіпорындармен келісімшарт бұзылатынын айтып отыр. Бұл жайында арнамызға жолаушылар тасымалы басқармасының өкілдері хабарлады.
Мәселе қала маңындағы бағыттарға қызмет көрсететін кәсіпорындарға қатысты. Соңғы кездері жолаушылардан шағым жиі түсуде. Арыздар негізінен автобус кестелерінің бұзылуына қатысты. Қала іргесіндегі ауыл тұрғындарының көпшілігі облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Осы орайда олар «діттеген жерімізге уақытылы жете алмаймыз» деп ашынады. Қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы да көңіл көншітпейді. Конкурстық құжаттарда көрсетілген жаңа көліктер бағытқа әлі шықпаған.
Ладно доллар поднялся, мы же не на долларах ездим, мы платим тенге.
С опозданием ездят, не успеваем на работу. Старые автобусы медленно ездят, не комфортно.
Қазір жолаушылар тасымалы басқармасының арнайы комиссиясы арыздарды тексере бастады. Іске прокурорлар да араласқан. Аталған бағыттарда инспекторлар жұмысқа кірісті. Шенеуніктердің сөзінше, тендер алдындағы тексеру комиссиясы да барлық құжаттарды көтеріп, егжей-тегжейлі зерттеп жатыр. Егер тасымалдаушы өз міндеттерін орындамаса, арадағы келісімшарт бір ай ішінде күшін жояды, - дейді шенеуніктер.
Жанар Қасенова, ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкері:
Арнайы тексерістер ұйымдастырамыз. Егер тасымалдаушылар келісімшарт талаптарын орындамайтын болса, ескерту жіберіледі. Егер оған да көз жұма қараса, келісімшарт бұзылады.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА