Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодардың өндіріс аймағынан полицейлер 6 жасар қыз баланы тапты

  • AstanaTV
  • 23 қыркүйек 2015
  • 1197

Керекулік полицейлер көшеде қараусыз қалған 6 жасар балғынды тапты. Павлодардың өндірістік аймағында адасып қалған Евгения есімді қыз бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына тапсырылған.

Тергеу шаралары барысында баланың отбасы белгілі болды. Тәртіп сақшыларының дерегінше, олар облыс орталығында тұрады. Бірақ әзірге қызын қайтарып алуға асықпай отыр. Телефонмен хабарласқан полиция қызметкеріне Евгенияның анасы баланы алып кетуге ақшасы да, уақыты да жоғын айтқан. 

Баян Мағзұмова, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Бұл отбасында әкесі де, шешесі де - ішкіш адамдар. Бұл отбасы қазір полицияда есепке алынған. Қазір олармен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол баланы қайда орналастырылады, барлығы шешіледі.

Павлодарда өткен аптаның соңында осыған ұқсас тағы бір жағдай орын алған еді. Тәртіп сақшылары қала көшелерінің бірінен адасып жүрген 3 жасар баланы тапқан. Іздестіру шараларының арқасында сәбидің отбасы анықталып, ол ата- анасына қайтарылған болатын.

Айта кетейік, жыл басынан бері Керекуде қараусыз жүрген 173 жасөспірім тіркеуге алынды. Нәтижесінде 123 тұрғын ата-ана құқығынан айрылса, 416 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ