Русский Сайттың толық нұсқасы

Құрбан айт намазына келген жұрт мешіттерге симады

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2015
  • 2140

Бүгін таңертең Айт намазын оқу үшін Астанадағы мешіттерге ағылған жамағатта есеп болмады. Құрбан айт намазына жиналған халықтың жылдағыдай мешітке симай басым бөлігігнің далада намаз оқығанына біздің түсіру тобы да куә болды. Жай күндері намазға келген 5 мыңдай адамды сыйдыра алатын Елордадағы Әзірет Сұлтан мешіті мереке күндері 10 мың халықты қабылдай алады. Бірақ соның өзінде орын болмай, ішке сыймаған халық далада намазға жығылды. Екінші, үшінші қабаттарды айтпағанда, кабинеттер мен бөлмелерде тіпті мешіт ішіндегі баспалдақтарға дейін намаз оқыған адамдардан ине шаншар бос орын болмады. Айт намазының уақыты күн найза бойы көтерілгеннен бастап тас төбеге жеткенге дейін деп саналады. Биыл Құрбан Айт намазы Астана уақытымен сағат таңертеңгі 7.45-те басталды. Күздің таңғы суығына қарап жатқан жан жоқ, мұсылмандық парызын орындауға жиналған жұрттың көптігі көз қуантады.

Барша мұсылман қауымы үшін қасиетті мейрамның бірі - Құрбан айт болса, айт намазына қатысу - Әбу Ханифа мәзһабы бойынша әрбір мұсылманға уәжіп. Ерте тұрған жамағаттың мешітке асығатыны содан. Құрбан айт - Жаратушыға жақындата түсетін ұлық мереке. Өйткені «құрбан» сөзі, араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» деген мағына береді. Намаз оқуға ықыласты мұсылмандар алдымен мешітке кіруге асықса, кейін шығуға  асықты.

Бүгін сондай-ақ Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің маңында киіз үй тігіліп, ыстық шай мен азын-аулақ тағамдар келушілерге ұсынылды. "Одан жиналған қаржы мүгедектер мен кембағал жандарға беріледі", - дейді ұйымдастырушылар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ