Ал Керекулік қауым айттау дәстүрін жаңғыртуда. Павлодар облысы Заря ауылының тұрғыны Жақсылық ақсақалдың әулеті Құрбан айтта міндетті түрде айт дастарханын жайып, туған-туыс, көрші-қолаңды күтеді. Бүгін де қарияның қара шаңырағында көпшілік бас қосты.
Тоқсанға келген Жақсылық ақсақал өзін құттықтай келген әрбір адамды осылай үй ауласында қарсы алады. Айтуынша, Құрбан айт - сәлемдесуден басталатын әдемі мереке. «Қол алысып, амандық сұрасу арқылы біз шынайы ниетпен келген қауымға ықыласымызды білдіреміз», - дейді қария. Әр шаңыраққа айттап барудың да өзіндік сыры бар.
Жақсылық Әлжебайұлы:
Қырық үйге кірсе жақсы дейді. Оған жұмақтың есігі ашылады дейді. Жоқ, 40 үй емес, 7 үйден қалмау керек дейді. Жоқ 3 үйге кіру керек дейтіндер бар. Дәл ондай кесіліп қойған заң-ереже емес. Діни мереке болса да, көп жағдайда тәлім тәрбиелік маңызы зор. Бүкіл адамды ынтымыққа тартатұғын, бүкіл адамды болашаққа сендіретұғын мерекенің ішіндегі осындай мереке.
Жақсылық атаның әулеті үбірлі-шүбірлі. Қарияның өзі 14 баласынан жүзден аса немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Құрбан айт мерекесінде барлық перзенттері мен олардан өрбіген ұрпақтарды қара шаңыраққа жинау - бұл үйдің дәстүріне айналған. Ұлық мерекенің дастарханы да ерекше. Мерекелік мәзірге кіретін тәтті-дәмділер міндетті түрде үй жағдайында арнайы дайындалады екен.
Назерке Мұхтарқызы:
Қүрбан айт әрқашан отбасылық мереке іспеттес. Сондай бір сезім әкеледі. Отбасылық, көңілді. Әрқайсымыз бір-бірімізді құттықтап, арқа-жарқа болып жиналудың өзі - үлкен той-думан.