Меккедегі қайғылы жағдай кезінде ажал құшқандар арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ануар Жайнақов арнамызға хабарлады.
Ануар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:
Осы уақытқа келген ақпарат бойынша, Меккедегі қайғылы жағдайда қазақстандықтар жоқ.
Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул-Әзиз Әл Сауд, Қасиетті Мекке қаласына жасалатын қажылықтың ереже-тәртіптерін қайта қарау туралы пәрмен берді. Мұндай шешімге ол кешегі 717 адамның өліміне соқтырған қайғылы оқиғадан кейін келген - деп жазады «Рейтерс». Король қажылық парызын орындаушылардың қозғалысын жеңілдету мақсатында ұйымдастыру жұмыстарын пысықтау керектігін баса айтты. Елдің Ішкі істер министрлігінің өкілі генерал Фейсал ат-Турки, Меккедегі қайғылы оқиғаның бірден-бір себебін аптап ыстықпен байланыстырды. Айтуынша, шайтанға тас ату рәсімі кезінде адамдар бір-бірін итерген, ауа-райының күрт ысып кетуі құрбандар санының өсуіне алып келген. Еске салсақ, кеше Меккеде оқыс жағдай орын алып, 700-ден астам адам қаза тапты. Тағы 800-ге жуығы зардап шеккен. Ел билігі арнайы комиссия құрып, оқиғаның себеп салдарын анықтау үстінде. Айта өтейік, бүгін Рим папапсы Франциск те барша мұсылман қауымына қайғырып, көңіл айтты.
Салман ибн Абдул-Әзиз Әл Сауд, Сауд Арабиясының королі:
Қажылыққа келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің құзырымызда. Қазір тиесілі органдарға тапсырма беріп, тексеру жұмыстарын жүргізуді жүктедік. Оқиғаның себеп-салдары жақын уақытта белгілі болады деген ойдамын. Қажылықтың ереже-тәртіптерін қайта қарау керектігі туралы да бұйрық бердім.
Жұрағат БАМАН