Ақтөбеде азулы ақындар бас қосты. «Бабадан қалған байтағым» аймақтық ақындар сайысына елге танымал айтыскерлер де келді. Аламан айтыстан сусап қалған халықтың қолдауын көрген ақындар қанаттанып, қоғамдағы мәселелердің басын ашты. Өнер додасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған.
Соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясы тарапынан қолдау алған халық өнерінің батыс аймаққа атбасын бұруы көпшілікті қуантып тастады. Көрермендер залға лық толды.
Айтыс екі айналымда өтеді. Алғашқы айналымнан ұпай саны бойынша алға шыққан екі айтыскер ақтық мәреге жолдама алады. Ал ақтық айтыс Жамбыл жерінде өтпек. Жалпы айтыстың жүлде қоры - 5 миллион 100 мың теңге.
Жүрсін Ерман, ақын:
Биылғы мерекелер легіндегі айтысты пайдаланып, біздің өзіміздің өткен ұлан байтақ тарихымыздың бар екенін, өзіміздің данышпан хандарымыздың, билеріміздің, бектеріміздің болғанын айта білу, сол арқылы жас буынды, елді жақсылыққа бастау. Соны атқара алсақ, парыздың орындалғаны.
Мансұр ЕСХОЖИН