Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда оқушылардың жаппай төбелесінен кейін мектеп директоры жұмыстан шеттетілді

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2015
  • 1537

Қарағандыда ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің директоры мен тәрбиешісі қызметінен шеттетілді. Оған оқушылар арасындағы жаппай төбелес себеп болған. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары айтты.

Қаладағы №1 қазақ-түрік лицейіндегі төбелес оқу жылы бастала салысымен орын алып, салдарынан 15 оқушы дене жарақатын алған. Бұлар лицейге жаңадан келген екен. Мектеп табалдырығын аттай сала соққыға жығылған жеткіншектердің ата-анасы полицияға шағымданды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Білім басқармасы да қызметтік тексеріс жүргізуде. Мектеп басшылығы болса, ешқандай ақпарат бермей отыр.

Бақтыгүл Әдекенова, Қарағанды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Біз, педагогтар, білім ошағында мұндай сорақылыққа жол берілмеу керек, деп есептейміз. Сондықтан тексеруден кейін қатаң шара қолданамыз. Кінәлілер жұмыстан қуылуы да мүмкін.

Айжан ҚУАШ