Келесі жылдың қаңтарынан бастап жаңадан салынған тұрғын үйлер бұрынғыдай мемлекеттік комиссияның сүзгісінен өтпейді. Заңға еңген өзгертулерге сәйкес дайын нысанды тапсырыс берушінің өзі қабылдап алады. Ал бүгінде Астанада «Үлескерлік туралы» заң талаптарын орындамаған 20 құрылыс компаниясына қатысты прокуратура тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде Елорда әкімінің орынбасары Сергей Хорошун айтты.
Әңгіме әлі салынбаған баспана үшін тұрғындардан алдын ала қаражат жинаған құрылыс компаниялары туралы. Құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы комиссия құрылған. Олар әлгі 20 құрылыс компаниясы салып жатқан 44 нысан бойынша тергеу-тексеру шараларын бастады. Ал осы нысандардағы пәтерлерді сатуға уақытша тыйым салынған. Сергей Хорошунның айтуынша, ол компаниялардың басым бөлігінде тіпті құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсаттары да болмаған көрінеді.
Сергей Хорошун, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
Проблемалы компаниялар қатарында «Азбука жилья», «Төленді», «Әл-Барақат» «Сезам стройсервис», «Шейx Казинвест» пен «Тамыз инвестгрупп» компаниялары бар. Олар құрылыс барысында үлескерлік заңын өрескел бұзған. Мұнан бөлек 8 құрылыс фирмасына тұрғын үй құрылысы үшін жер бөлу туралы әкімдік қаулысының күші жойылды.
Ал жалпы Астанада соңғы үш айда тұрғын үй қоры 300 мың шаршы метрге көбейген. Яғни 10 800-дей пәтер пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 74 пайызға артық. Сондай-ақ әбден тозығы жеткен 29 көпқабатты тұрғын үй сүріліп, 328 отбасына әкімдік тарапынан жаңа баспана берілмек.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА