Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазанның алғашқы жексенбісі - Ұстаздар күні

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2015
  • 3190

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Қазан айының алғашқы жексенбісі - осы нақылды өмірлік ұстанымына айналдырған ұстаздардың төл мерекесі. Ғалым да, шахтер де бас иетін асыл мамандық иелерін  біздің тілшілеріміз де құттықтап қайтты. 

Әдеттегідей бір партада екі-екіден отыратын оқушылар қазақ әдебиеті сабағында бір жерге топтасып алған. Бұл пән мұғалімі Анар Ахатованың сабақ беру тәсілі екен. Ол оқу бағдарламасы барысында түрлі әдістерді жиі қолданатынын айтады. Нәтижесі де жаман емес, орыс класының оқушылары қазақша тіл сындырып жүр.

Дегенмен ұстаздың шеберлігі жаңа технологиялармен ұштасуы керек. Бұл - заман талабы. Ұстаздық саласында 10 жылдық тәжірибесі бар Анар Ахатова да интерактивті тақтаның мүмкіндіктерін жоғары меңгеріп алған.

Анар Ахатова, Орал қаласындағы №28 мектептің мұғалімі:

Егер де барлық кабинеттер жабдықталған болса, кез-келген мұғалімнің уақытын өте үнемді пайдалану мүмкіндігі туар еді. Біріншіден, көрнекі құралдан қағаздан құтқарады бізді. 

Бүгін де мектеп журналы үздік бағаға толды. Ұстаздарын осылай қуантқан оқушылар оларға арнаған ыстық ықыласы мен жылы лебіздерін қабырға газетінде өрнектепті.

Еркін Карин, тілші:

Мерекеге оқушылар қызу дайындалуда. Қазір сабақтан сұранып шыққан бірді-екілі оқушы дәліздегі тыныштықты пайдаланып, мына жерге өздерінің қолдарынан шыққан әдемі туындыларын жапсыруда. Жоғары кластар биікке жапсыруда, ал төменгі сынып оқушыларына біздер өз әлімізше көмектесіп жатырмыз.

Бұдан бөлек, ұстаздардың құшағы гүлге толатын күн. Бірі гүл сыйлауға асық, енді бірі ықыласын білдірді.

Жалпы ұстаздардың төл мерекесі күнтізбеде өткен ғасырдан бері бар. Бұл датаға 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз болған. Алғаш рет Дүниежүзілік мұғалімдер күні 1994 жылдың 5 қазанында мереке ретінде тойланды. Ал Қазақстанда қазанның алғашқы жексенбісіне белгіленген болатын.

Еркін КАРИН