Русский Сайттың толық нұсқасы

Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысқан екі азамат сотталды

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2015
  • 1344

«Ирак-Левант ислам мемлекеті» атанып жүрген топ Қазақстанда ресми түрде террористік деп танылмаған. Бұл жөнінде Бас прокуратураға сілтеме жасап, «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат таратуда. Журналистің сауалына берілген жауапта «топтың әрекетінен сотқа жүгінуге жеткілікті негіз табылса ғана, ол экстремистік деп танылады» делінген. Айта өтейік, әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Ресейде де,  аталған топ  лаңкестік деп танылып, әрекетіне тиым салынған.

Ал осы тұста Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысты деп айыпталған екі азамат сотталды. Арнайы қызмет бірнеше ай бұрын Алматы облысында 42 жастағы азаматты құрықтаған. Ол тергеу кезінде Сирияда жиһатшылар сапында соғысқанын мойындады. Кейін ағасының да лаңкестер қатарында болғаны анықталды. Облыстық прокуратураның мәліметінше, ағайынды екеудің мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылған.

Ал Ресейдің Лента.ру сайты «ИЛИМ» лаңкестік тобында болған қазақстандықтың сұхбатын жариялады. Аты-жөнін жасырған отандасымыз өзгелерді сақтандырғысы келетінін айтады. Ол содырларды «мейірімді білмейтін баскесерлер» деп атады.

Белгілі теолог Шәміл Аляутдинов өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған ұйымның дінмен ешбір байланысы жоғын айтады. Олардың қатарына қосылғандар жәннатқа кірудің жеңіл жолы туралы қате уағызға ергендер, дейді.

Шәміл Аляутдинов, Мәскеу мемориалдық мешітінің имам-хатыбы, исламтанушы:

Соңғы жиырма жылда ақпарат құралдарында «жанкешті жәннаттық болады» деген қате түсінік кеңінен насихатталды. Ислам діні келген 14 ғасырда еш жерде ондай пәтуа жасалған жоқ. Өзін-өзі жарған жанкешті қылмыскер деген үкімге лайық. Және ол тозақтық. Лаңкестер оларға жұмақты уәде етеді. БАҚ басшыларының көбі өзге дін өкілдері болғандықтан, байыбына бармастан, бұл ақпаратты сол қалпында таратып келді. Оны лаңкестер де өз қатарын толтыру үшін ұтымды пайдаланды.

Айта кетейік, бұған дейін Сириядағы қақтығыстарға 150-дей қазақстандықтың  қатысып жатқаны туралы деректер таралды. Сондай-ақ кейбір мәліметтерге сәйкес 2014 жылдың басынан бері олардың 15-і елге оралған. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ