Атырауда төтенше жағдай қызметінің мамандары шабындықтағы өртті бірнеше күннен бері өшіре алмай әуре. Каспий теңізінің солтүстігіндегі қалың қамыс пен қопа өртеніп, жақын маңдағы ауылдар мен Ресейдің Астрахань облысындағы елді мекендерді көк түтін басқан. Өрт шекарадан 40 шақырымдай қашықтықта Нива, Мальцев, Линкасса аралдарында тұтанған.
Батпақты болғандықтан, ол жаққа адам да, техника да бара алмайды. Әуеден су шашу да тиімсіз, өйткені мұндай техника 3 тонна ғана су шаша алады. «Ол суды қасықтап құйғанмен бірдей», - дейді төтенше жағдай қызметінің өкілдері. Түтінге тұншыққан ауылдардың қамын ойлаған ресейліктер өртті сөндіруге қол ұшын созуды ұсынған. Енді көрші елдің 25 тонна су көтеретін алып тікұшақтары көмекке келмек.
Сағымбек Өмірзақов, Атырау облыстық ТЖД бастығы:
Жоспар бойынша Ресей Федерациясынан БК-200 самолет көтеріп, бізге көмек береді. Жақын арада осы өртті сөндіреміз. Халыққа, елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Адамның кінәсінен болып отырған өрт бұл, мына нар қамыстарды өртеп, келесі жылы соның орнына жаңадан бала қамыс шөп шығуына байланысты.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ