Оралда президенттік тұмарға таласқан дизайнерлердің дауы аяқталар емес. Бұйымның авторы кім екендігі сот отырысында да анықталмады. Өйткені біздің елімізде мұндай дүниелерге сараптама жасалмайды екен.
Шәкір Суханбердин, заңгер:
Өкінішке орай, мұндай сараптама жұмыстары Қазақстанда жүргізілмейді. Бұл еліміздегі авторлық құқықтың аяқасты болуына әсер етеді. Сот отырысында бұған көзіміз анық жетті. Әділет министрлігі бұйымдарды жасағандардың жұмысын тексеріп, зерттеп жатпайды. Сұраған адамға авторлық құқықты бекітіп бере салады.
Сотқа жауапкерлер, яғни алматылық компанияның өкілдері келмеді. Осыған дейін хабарлағанымыздай, оралдық дизайнерлердің қолынан шыққан бұл тұмарды Елбасы 2012 жылы АҚШ президентіне тарту еткен. Кейіннен осыған ұқсайтын бұйымды алматылық «Әдемі-ай» компаниясының да жасайтыны белгілі болды. Алматылық әріптестерін жиендік жасады деп айыптаған оралдық дизайнерлер оларды сотқа беріп, келген шығынды 10 миллион теңгеге бағалаған еді.
Еркін КАРИН