Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы әуежайындағы удай қымбат су мен тағамдарға қатысты дау шешімін таппады

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2015
  • 1551

Алматы халықаралық әуежайындағы удай қымбат минералды су мен тағамдарға қатысты дау шешімін таппады. Әлеуметтік желі қолданушылары мұнда екі құты сусынның 3500 теңгеге саудаланғанын айтып, наразылық білдірген. Әуежай өкілдері өз аумағындағы баға саясатын реттеуге дәрменсіз екенін айтады. Сауда алаңдары 10 жыл бұрын жеке қолға өтіп кеткен.

Бір бөтелке суды 700-ден 1500 теңгеге дейін бағалаған дәмхана Алматы әуежайының залында орналасқан. Бағаны нарық құнынан он есеге арттырған кәсіп иелері «Неге бұлай?» деген сауалға жарытып жауап бермеді. 

Аспандап тұрған бағаны алматылық Бейбіт Әлібеков байқапты. Ол екі құты сусын үшін 3500 теңге төлегенін растайтын чекті әлеуметтік желіде жариялады. Осылайша әуежайда қалыптасқан үрдіске қоғам назарын аударуға тырысқан.

Бейбіт Әлібеков, Алматы қаласының тұрғыны:

Мұндағы дәмханалар мен дүкендерде монополистік көзқарас қалыптасып қалған. Баламен немесе қонақтармен жүретін адамдар амалсыз тауар сатып алуға мәжбүр болады. Ал оның құны тым жоғары.

Әуежай басшылығы журналистерді жолаушылар терминалындағы жағдаймен танысуға шақырған. Халықаралық әуежай кешенінің екінші қабатындағы коммерциялық құрылымдар осыдан он жыл бұрын жекеменшікке сатылып кеткенін айтты.

Айбол Бекмұхамбетов, «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ президенті:

Біз дәмхана-дүкендермен күресудің жолын ұсынбақпыз. Енді оларға бәсекелес болатын, бағаларды төмендетіп қоятын орындар пайда болады. Бұл іске қоғам өкілдері де көмекке келсе дейміз. Қала әкімдігі 1-ші қабаттағы бізге қарайтын сауда нүктелерін жаптырды. Біз олармен келісімшартты бұзып, 9 млн теңге зиян шектік.

Тариф саясатын еркіне жіберген мекемелердің әрекетіне қатысты сауалымызға әкімдік жауап берген жоқ. Ал әуежай әкімшілігі  заң жүзінде жеке кәсіпкерлікке қол сұға алмайтынын айтып отыр. Олар «қоғамдық кеңес» құрып, бағаға ырық бермей отырған кәсіп иелерін келіссөзге шақырмақ. Кеңес сондай-ақ әуежайдағы жолаушыларға қызмет көрсету мәселесіне де үңілмек. Әсіресе шетелден келген қонақтарды күтіп алатын кеден және шекара қызметі мамандарының «сыпайы» әрі «жылы шырайлы» болуын қадағалайды.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ