Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Жамбыл өңірінде өтуде

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2015
  • 3037

Бүгін қазақ елінде көптен күткен ұлы той. Әулие Ата топырағында Қазақ хандығының 550 жылдығы бар сән-салтанатымен тойланып жатыр. Алаштың рухын асқақтатып, дала төсін дүбірге бөлеген мерейтойға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы келді. Барша қазақты осынау айтулы күнмен құттықтаған Мемлекет басшысы мерейтойға арналған монументтің ашылу рәсіміне қатысты. Айта кетейік, бұл тойдың тұсауы ай бұрын Астанада кесілген, ал кешелі бері Жамбыл жерінде негізгі шаралар өтіп жатыр. Тойға Данияр Әлімқұл да қатысып қайтты.

Бұл - Еділдің бойын ен жайлап, Жайықтың жазирасына жеткен, қала берді Қорасанға құлаш ұрып, хандық құрған қазақтың тойы. Ал мынау тойға арнайы жасалған Қазақ хандығының 550 жылдығы монументі. Қилы заманда қазақтың басын біріктірген Керей мен Жәнібектің қоладан құйылған тұлғасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіш алдында тағзым етіп, өткен тарихымыздың тағылымын түсіндірді.


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған. Керей мен Жәнібек артына ел ертіп, Шудың жағасына ту көтерген кезде, қазақ деген сөз сол кезде шыққан болатын. Соны дүниежүзіне паш ету үшін, әсіресе ұл-қыздарымыз, келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екенін білсін деп, осыны жасап отырмыз. 

Мұнарадай мен мұндалаған сегіз қырлы стелланың биіктігі 27 метр. Ұшар басына бедерлі белгісі болсын деп, Ұлықбектің жұлдызы қойылған. Ақ мәрмәр таққа жайғасқан қос ханымыз - Керей мен Жәнібек - монументтің мәнін ашып тұр. 2000 жылдық тарихы бар ежелгі қалаға ағылып келіп жатқан қонақтарда есеп жоқ.

Бақтияр Артаев, Олимпиада чемпионы:

Барша қазақ елін, қазақ жұртын, бар ұлт өкілдерін шын жүректен құттықтағым келеді.

Бүгін қаланың қай көшесіне барсаңыз да, думанды көресіз. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, орта ғасырдағы көне қала көз алдымызға келді. 5000-ға жуық қонақ келген қалада 100-ге жуық қонақ үй жұмысқа кіріскен. 350 БАҚ өкілдері қазақтың қуанышын жарыса жазуда, олардың тең жарымы - шетелден келген. 

Тараз төріндегі тарихи той ұлттық ойындарға ұласып, жігіттер жамбы атып, көк серкелі көкпар тартылды. Сондай-ақ аударыспақ үстінде кім мықтыны көрсетті, ал бәйге бүгінгі күннің басты бәсекесі болып, үш түрде өтті. 

Бекболат Тілеуханов, ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Осы ұлан ғайыр ен даланы қазақ ат үстінде қорғаған. Ат құлағында ойнау деген - үлкен әскери қабілеттің белгісі.

Айта кетейік, торқалы той үстінде "Мәңгілік ел" атты ақындар айтысы өтуде. Екі күнге жалғасатын сөз сайысына 26 ақын қатысуда. Ал халық асыға күткен ашық аспан астындағы мұражайға да бүгін алғашқы саяхат жасалды. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ