Оралда жылу бағасы қымбаттауы мүмкін. «Жайықжылуқуат» кәсіпорны қарыздан көз ашар емес, мекеме газ жеткізушілерге 350 миллион теңге берешек. Бұл жайында арнамызға сұқбат берген кәсіпорын басшылары айтты. Жылу орталығының өкілдері мұны тұрғындардың жылу ақысын уақытылы төлемегендігімен түсіндіреді. Көп қабатты үйлердің 60 пайызы жылу орталығына 355 миллион теңге қарыз. Борышы 800 мың теңгеге жеткен азаматтар да бар. 102 миллион теңге қарызын қайтаруға асықпаған борышкерлерге қатысты 2500 іс сотта жатыр. Осындай деректермен бөліскен жылуға жауаптылар әр жылыту маусымында шаш-етектен шығынға бататынын айтып отыр.
Вячеслав Солодилов, «Жайықжылуқуат» АҚ қаржы директоры:
1 қаңтардан бастап жылу тарифы өзгереді. Қаншалықты қымбаттайтыны белгісіз. Өйткені газ құны өседі, жылыту маусымы біткен сайын миллиардтап шығынға батамыз. Әрі газ берушілер газдан ажыратамыз деп хат жазады. Сондықтан жылу бағасын өсіруден басқа амалымыз қалмады.
Ал 10 қазаннан бастап Оралда бюджеттік мекемелерге жылу ақысы 40 пайызға қымбаттады. Батыс Қазақстан облыстық табиғи монополияларды реттеу агенттігінің мамандары мұны газдың қымбаттағанымен байланыстырады. Жалпы бүгін Оралда жаппай жылу беріле бастады.
Еркін КАРИН