Ал Қостанайдағы шаруалар ауа-райының қолайсыздығына байланысты қалған егінді жинай алмай отыр. Жауын-шашын көп болып, күн көзін көрмеген бидай пісіп те үлгермеген. Сондықтан сапасы да нашар. Осылай деген шаруалар азық-түлік копрорациясына қарыздарын 3-ші, 4-ші кластағы астықпен қайтармақ ниетті.
Диқандардың өтінішін Меңдіқара ауданының әкімі жеткізді. Олар көктемде бидай дәнін азық-түлік корпорациясынан алып, күзде егінмен қайтаруы тиіс болатын. Мәселен, Мендіқара ауданында 3-классты бидайы жалпы егіннің 26 пайызына ғана тең, ал қалғаны - төртінші-бесінші классты бидай. Осының кесірінен, аграрийлер азық-түлік корпорациясының алдындағы берешегінен құтыла алмай отыр.
Виктор Ионенко, Қостанай облысы Меңдіқара ауданының әкімі:
3-классты бидайдың құны 42 мың теңге, ал төртінші класстың бағасы 27-30 мың теңгенің аралығында құбылып тұр. Әрине, біз аграрлы аймақ болғаннан кейін бұл мәселе бізді алаңдатады. Бәріміздің пікіріміз бір жерден шығып отыр - азық-түлік корпорациясы бізден 4-классты бидайды қабылдаса, жақсы болар еді.