Түркиянің Анкарасында жарылыс ұйымдастырған жанкештілердің әрқайсысы 5 келі тротилді жарған. Бұл туралы үкіметтің ресми өкілі Нуман Куртулмуш хабарлады. Бұл жарылғыш заттардың жарақаттау мүмкіндігі жойқын. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің көп болуы да сондықтан. Бұған Түркия билігін айыптайтын топ бүгін тағы Анкараның орталығына жиналып, Үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Қарсылық шеруіне 15 мыңдай адам қатысқан.
Билікке қарсы шерулер Анкарада ғана емес, Стамбул, Диярбакыр сынды ірі қалаларда да өтіп жатыр. Бүлікшіл топ өшін полициядан алып жатыр. Оларға қарсы жарылғыш бөтелкелер мен тас атқылады. Полиция да митингке шыққандарға қарсы көз жасаурататын газ бен су қолданды.
Айта кетерлігі, қазанның 10 күні Анкарада болған жарылыс - ел тарихындағы ең қанды қырғын. Түркия премьер-министрі лаңкестердің бұл әрекетін, қарашаның біріне жоспарланған парламент сайлауына қатысатын тұрғындарды қорқыту амалы, деп бағалады. Соңғы мәліметтер бойынша, Анкарадағы жарылыстан 97 адам қаза тауып, тағы 138 адам ауруханада жатыр.
Айгүл ӘДЕПБАЙ