75 жасында дүниеден өткен мемлекет және қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаев бүгін ақтық сапарға аттанды. Марқұммен қоштасу іргетасын өзі қалаған Қазақ гуманитарлық заң университетінің қабырғасында өтті.
Мақсұт Нәрікбаевты соңғы сапарға шығарып салуға ет жақындарынан бөлек, мемлекеттік қызметте жүрген лауазымды шенеуніктер мен депутаттар да келді. Әсіресе заң саласында қызмет атқарып жүргендердің қарасы қалың болды. Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми мен Бас прокурор Асхат Дауылбаев әріптес және жақын достары ретінде Мақсұт Нәрікбаевпен қоштасуға келгендерді қарсы алды. Қайрат Мәми Елбасының Мақсұт Нәрікбаевтың қазасына байланысты жақындарына жолдаған хатын оқыды.
Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы:
Ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Мақсұт Сұлтанұлы өзін білімді заңгер, іскер ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Әсіресе еліміз тәуелсіздікке ие болған жылдардан бастап ҚР Бас прокуроры, Жоғарғы соттың төрағасы, мемлекеттік заң академиясының ректоры сияқты түрлі жоғары лауазымды қызметтерді зор абыроймен атқарып, Қазақстанда құқықтың мемлекеттік қалыптасуымен нығаюына үлкен үлес қосты. Оның есімі мен қызметін халқымыз ұмытпайды деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннәтта болсын.
Жаназадан кейін Заң университеті алдында митинг өтті. Достары мен әріптестері, жақындары марқұм туралы сөз сөйледі. Мақсұт Нәрікбаевтің денесі туған жері Алматы облысында емес, Астана іргесіндегі Ұлттық пантеонға жерленді.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мақсұт Сұлтанұлы шын мәнінде үлкен жүректі азамат еді. Ұлтжанды, өзі табиғатынан өнерлі, жан-жақты, талантты адам еді.
Шалатай Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазақ артында өшпейтін сөзі қалса, өшпейтін ізі қалса, керемет істері қалса, оны өлді демейді, оны дүниеден озды, дейді. Бұл Мәкең дүниеден озды. Артында мына біз тұрған ғимаратының өзі ғасырлардан ғасырларға ол кісінің кім екенін көрсетіп тұрады.
Рамазан Сәрпеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздің мына ұлттық заңнаманың жетілуіне үлкен үлес қосқан, үлкен ғалым. Көптеген шәкірт тәрбиелеген, яғни ол кісінің үлесі - Қазақстанда тәуелсіз еліміздің жас мамандарын дайындауға үлес қосты.
Берік ХАСЕНОВ