Шымкентте «Металлург» стадионы сатылғалы жатыр. Жаңа қожайын табылса, аймақтағы екі бірдей футбол мектебінің шәкірттері жаттығу алаңынсыз қалуы мүмкін. Аумағы 2,5 гектар болатын спорт кешенінің тағдырын бассаудаға тігіп жатқан қаладағы екінші деңгейлі банктердің бірі. Айзада Төребекқызы тарқатады.
«Металлург» стадионында күн сайын жаттығу. Мұнда Шымкенттегі екі бірдей футбол мектебінің шәкірттері дайындалады. Бүгінде тозығы жеткенімен, балалардың спортпен шұғылдануына жарап тұр. Бұл - қаладағы санаулы стадионның бірі.
Евгений Шкарин, «Қыран» футбол командасының директоры:
Банктің ұстанымын түсінеміз. Оған ақшасы керек. Ал адами тұрғыдан қарағанда, балаларды да ойлау керек емес пе?! Жекенің қолына өтпейтін жолын неге қарастырмасқа? Білуімше, 128 млн теңгеге сатқалы отыр екен. Бұл мемлекет қазынасына аса ауыр салмақ деп ойламаймын.
Шымкентте басқа стадион жоқ емес. Тек балаларға ақысыз қызмет көрсететіні санаулы.
Әлібек Еспенбетов, жаттықтырушы:
Апрельден бастап сол ноябрьге дейін, қар жауғанша, осы жерде біз жаттығу жасаймыз. Ал бұл болмаса, енді біз қайда барамыз? Қазір бұл жерде осындай көк алаңдар жоқ. Сол үшін осы көк алаң бізге керек.
Борис Кравцов, «Металлург» стадионының директоры:
Ата-аналар мен балалардың атынан айтамын, бұл стадионды қайткен күнде әкімдік сатып алып қалуы керек. Миллион тұрғыны бар қала боламыз деп жатырмыз, жаттығу орындары жоқтың қасы. Ал жаңасын салу қаншама шығын. Оған жер де жоқ.
Стадионда кезінде жүзу мен мергендікке жаттығатын орындар да болған. Қазір ол өндірістік мақсатта қолданылып жүр.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Мен тұрған бөлме тағдыры саудаға салынған спорт кешенінің ауыр атлетика залы болған. Бұл жерде осы көктемге дейін қызу жаттығу жасалып келіпті. Ал қазір көріп тұрғанымыздай, қаңырап бос тұр. Тіпті жаттығу құралдарының бір де бірі қалмаған.
Бірақ билік бұдан хабардар. Аймақ басшысының тікелей назарына алыпты.
Әлібек Нұртаев, ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлының қолдауы бар. Нақты тапсырма берілген. Қазір тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Жақын арада біз бюджеттік комиссияға ұсынғалы отырмыз. Осы стадион 140 млн теңгеге бағаланып отыр.
Бұл стадион Кеңес Одағы кезінде атағы дүркіреп тұрған Қорғасын зауыты меншігінде болған. Банкке кепілге қойып, несие алған кәсіпорын дағдарыстан тоқырап, былтыр жабылып қалды. Биліктегілер ел игілігі үшін сатып алмақ ниетті. Өйткені салауатты өмір салтын ұстану - бүгінгі басты қағидалардың бірі.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ