Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлеуметтік нан бағасы неге қымбаттап жатыр?

  • AstanaTV
  • 19 қазан 2015
  • 1916

Атырау мен Таразда әлеуметтік нан бағасы қымбаттады. Бұған дейін ас атасының құнын Қарағанды мен Оңтүстік Қазақстан облыстары көтерген еді. Қазір бұл өңірлерде жоғары сұранысқа ие нан түрі 50-55 теңгеден сатылуда. Наубайхана иелері бұны ұнның, жарық пен газдың қымбаттауымен түсіндіріп отыр.

Қазан айы басталғалы, бірлі жарым аймақта әлеуметтік нан, яғни 1-сұрыпты ұннан пісірілген ас атасы қымбаттап жатыр. Алдымен Қарағанды мен Шымкент, кейін Тараз бен Атырау 5 теңгеге көтерді. Мәселен, Атырауда бұған дейін жергілікті билік нан пісірушілерден бағаны тым болмаса, жыл аяғына дейін ұстап тұруды өтінген болатын. Тіпті наубайхана басшылығынан бағаны қайта түсіруді сұрап отыр.

Қадырғали Тұрғанов, Атырау қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: 


Айтатын себептері - негізі судың, электр жарығы, газдың бағасының көтерілгенін дәлел қылып отыр. Келесі аптаның басынан бастап реттейміз деген уәде берді, уәдесіне тұратынын немесе тұрмайтынын, мен сіздерге айта алмаймын.

Әзірге ел аумағындағы ең арзан нан - Қызылордада сатылуда. Нанның бір бөлкесін 35 теңге. Жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаланың 24 наубайханасымен келісімшартқа отырып, оларды арзан ұнмен қамтамасыз етіп отыр. Десе де олар, 35 теңгелік бағаны бүгінде тиімсіз, дейді. 

Күнімхан Сапахова,  наубайхана иесі: 


Келісімшарт осы жылдың аяғына дейін белгіленген. Айына 15 мың теңге газға төлейтін кезіміз болады. Қазір енді айына 80 мың төлеп отырмыз. Ал бұл айда бізге газды 19 теңгеден деп кетті. Екі есе болса, газдың өзіне бізде 160 мың төленеді.

Ал қызылжарлық шенеуніктер, әлеуметтік нан жаңа жылға дейін қымбаттамайды, деп уәде етеді. Қазір өңірде ас атасының дүкендегі көтерме бағасы 45-50 теңге. Ал наубайханаларда ол 42 теңгеден босатылады. 

Құралай Жарова, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары: 


Жаңа жылға дейін біз әлеуметтік нанның бағасын бір деңгейде ұстап тұруды жоспарлап отырмыз. Оның көтерме бағасы 50 теңгеден аспайды. Кейін ұнның бағасы немесе жарық құны қымбаттаса, онда нанның да бағасы көтерілуі мүмкін.

Сөйтіп, шенеуніктердің айтуынша, шикізат пен коммуналдық қызмет бағасының өсуі әлеуметтік нанның өзіндік құнына тікелей әсер етіп отыр. Бүгінде бірқатар өңірде газ бен жарық бағасы өсе бастады. Бірі шығынға батпау үшін өнім құнын бірден көтерсе, енді бірі арзан бағаны жаңа жылға дейін ұстай тұрмақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ Шарипа САҚТАПОВА