Алматыдағы «Мега» сауда орталығында әлемнің ең танымал брендтік киімдерін сататын дүкендер жұмысын тоқтатты. Кәсіпкерлер сауда орталығының иелерінен алаңдарды жалға беру құнын қайта қарауды талап етіп отыр.
Тамыз айындағы теңгенің құлдырауынан соң, киім-кешек сататын дүкендер үшін сауда-саттықтан түсетін пайда азайып кеткен. Тиісінше, сауда орталығы әкімшілігі бутиктерді жалдау құнын доллармен белгілеп отыр. Сондықтан сатушылар тарапы сұраныс азайып, табыс төмендеген шақта, сауда алаңдарын жалға берушілер де екінші бүйірден қысып отыр, дейді кәсіп иелері.
Василий Горевой, Қазақстан ритейлерлер қауымдастығының президенті:
Біз де, сауда орталығы да - Қазақстанның резиденттеріміз. Ендеше не үшін біз шетелдік валютамен есептесуіміз керек?! Мұның салдары әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар үшін ауыр болып тиеді. Себебі біз бүкіл республикада 30 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Егер дүкендер құлдырап, жұмысын тоқтатса, олардың жағдайы не болмақ? Қазір біз тапқан табысымыздың 45-60 пайызын тек арендаға төлеп отырмыз.
Сейітжан Есмағамбетов, сауда орталығының бас директоры:
Біз шегеріммен өз талаптарымызды қойдық. Тіпті өзге арендаторлар төлейміз деген бағадан да түсіріп бердік. Бірақ Василий Горевой оған да көнбей отыр. Біз нарықтық қатынас жағдайында жұмыс жасап отырғандықтан, әрі қарай жалға беру бағасын төмендете алмаймыз. Демек, біз бұл арендаторлармен қоштасуға мәжбүрміз.
Бірақ кешке қарай мәселе шешілді. Екі тарап келісімге келіп, дүкендер қайта ашылатын болды. Яғни сауда орталығы мен жалға алушылар жарты жыл бойы жалдау құнының әр долларын 210 теңгемен төлеуге уағдаласты. Өйткені сауда үйінің басшысы банк алдында берешегі бар екенін айтып, осындай қадамға барғанын мәлімдеген еді.