Қарағандыда жолдар мен жылу құбырларын жөндеу жұмыстары бизнестің тамырына балта шапты. Бүгін Қарағандыдағы кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы осылай деп мәлімдеді. Қазір 30-ға жуық кәсіпорын жабылудың аз-ақ алдында тұр. Оларға қатынайтын жолдар болса, 3-4 айдан бері қазулы күйінде жатыр. Салдарынан кәсіпкерлердің тұтынушылары азайып, қыруар шығынға батқан. Ал, құзыретті орындар жоспарлы шаруаны аяқтауға асығар емес.
Қазулы жолдардан орасан жапа шеккендердің бірі - Қарағандының ең ескі кинотеатры. Мекеменің көрермені төрт есе азайып, қарызға белшесінен батқан. Фильмдерді прокатқа беруші компаниялар мен қызметкерлер алдындағы берешегі 8 миллионнан асады.
Игорь Нестеренко, Ленин кинотеатрының директоры:
Көлік жолдары мен жаяу жүргінші жолдары қатарымен жабылып қалды. Жарық жоқ. Кешке қараңғы жермен кім жүргісі келеді? Киноға келетіндерден айрылдық. Маусым айында қазып тастады да, 2 жарым ай бойы қолдарын да тигізген жоқ.
Әліптің артын бақсақ, Гоголь, Ленин көшелеріндегі жылу желілерін жөндеуге, бюджеттен қаржы тамыз айында ғана бөлінген. Сондықтан, жұмыс дер кезінде басталмапты. Коммуналды қызметтің жұмысшылары, уақыттарын қазылған орлар маңында футбол ойнап өткізіпті. Кәсіпкерлер мұны бейнетаспаға жазып алған.
«Жұмыскерлер жұмыс істеп жатыр ма, не істеп жатыр, көріп отырсыз. Жұмыс қызып тұрса, ойнамас еді».
Шығынға батқан 30-дай кәсіпкер жылу желілерін жөндетіп жатқан қала әкімдігі мен «ТеплоТранзит» компаниясынан жылу ақысын азайтуды сұрап ашық хат жазған. Алайда, билік тарапынан бұл сауалға нақты жауап жоқ. Тек, тапсырыс беруші «ТеплоТранзит» ондай жомарттық таныта алмайтынын ашық айтты.
Ералы Каспиев, «Теплотранзит» ЖШС заң бөлімінің бастығы:
Біз заңның аясында жұмыс жасап жатырмыз. Сондықтан біздің мекеме ешқандай басқа мекемелердің құқықтарын бұзды деп есептемеймін. Олардың жылуға төлейтін ақысын азайту мәселесі біздің құзыретімізге жатпайды.
Ермек Әбілдин, Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының бастығы:
Жұмыстар жүру алдында кәсіпкерлерге ескерту жасалса, дұрыс болар еді. Қандай программа болса да бір-біріне қарама-қайшы келмеуі керек. Ең басты мәселе -осы.
Қазірдің өзінде Қарағандының жүздеген метр жолдары қазулы күйде жатыр. Ал,тапсырыс беруші «ТеплоТранзит» компаниясы жөндеу жұмыстарының жоспарлы мерзімде, яғни қазан айында аяқталғанын айтады.
Айжан Қуаш, тілші:
Осылайша, жол машақатынан, бизнеске келген мәселесінің, түйіні шешілмеді. Келесі жылы дәл осы Гоголь және Ленин көшелерінде суық су құбырлары ауыстырылмақ. Қазіргі жағдайдан сабақ алған «Қарағанды Су» мекемесі жолдарды біртіндеп қазып, құбырларды кезекпен ауыстырмақшы. Бұл тәсіл биыл қолданылғанда, кәсіпкерлер тақырға отырмас па еді?
А.ҚУАШ