13 азамат екі елдің азаматтығымен жүргені үшін елден қуылды

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2015
  • 1071

Шығыс Қазақстанда қос азаматтықпен жүрген 100-ден аса адам анықталды. Олар 300 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады. Ал бұдан жалтарған 13 азамат шекарадан шығарылып, Қазақстанға 5 жыл бойы ат ізін сала алмайтын болды. Қос құжатпен жүргендердің көздегені бар ма?

Виктор Рогов ресейлік «Отандастар» бағдарламасы бойынша Новосибирск қаласына көшіп барады. Ол Қазақстан азаматы екеніне қарамастан, ресейлік паспорт та алып үлгереді.

Виктор Рогов:

Мен ресейлік паспортты алатын кезде, қазақстандық пастпортты не істеймін деп сұрадым. Ондағылар  «өзіңіз біліңіз»,- деді.

Осылайша Виктор екі құжатпен жүре береді. Қазақстанға келгенде құжатын тапсырмақ болады. Бірақ көші-қон полициясы оның алдын орап, жауапқа тартады. Енді 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлемек. Не болмаса,5 жылға дейін Қазақстанға кіруге тыйым салынады. 

Максим Пупков, ШҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары:

Аталған азаматтар бұл қадамға әдейі бармағанын, заң білмегендіктен тап болғанын айтып ақталады.  Олар Ресей Федерациясына қоныс аударып, азаматтық алған соң, тұрақты мекен-жайдан шыққанын бізден  рәсімдемейді. 

Қазақстан Заңы бойынша, өзге елдің азаматтығын алған кез-келген адам, төлқұжаты мен жеке басын куәландыратын құжатын үш күн ішінде тапсыруы тиіс. Олай болмаған жағдайда  айыппұл төлеп, елден күштеп шығарылмақ. 

Виктор Рогов:

Бұл туралы Қазақстанда да, Ресей  Федерациясы аумағында да еш түсінік жұмыстары жүргізілмейді.  Арасында байланыс жоқ. Біз білмеген соң,  осындай жағдайға кезігіп отырмыз.  Ал мұнда менің отбасым, достарым қалды.

Виктор үшін заңды білмеу қымбатқа түсті. Қазір айыппұл төлеу үшін ақша жинап жатыр. Жалғыз Виктор емес, соңғы 9 айда Шығыс өңірінде осындай 113 адам екі құжатпен жүргені анықталды. Олардың 13-і айыппұл төлей алмағандықтан, елден шығарылыпты. Бірақ енді Қазақстанға ат ізін сала алмайды.

Б.НӘДІРҚЫЗЫ