Футболдағы жемқорлық дауы

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2015
  • 1591

УЕФА Президенті Мишель Платини, 2011-ші жылы ФИФА Президенті Йозеф Блаттерден, 2 млн швейцария франкі көлемінде қаражат алғанын растады. Бұл ақпаратты еуропалық футбол қауымдастығының басшысы «Le Monde» басылымына берген сұхбатында айтқан. ФИФА-дағы жемқорлық дауынан кейін, Мишель Платини, халықаралық футбол федерациясының президенті болуға басты үміткер еді. Бірақ, атақты футболшының 2011-жылы ФИФА Президенті тарапынан 2 млн франк пара алған деген ақпарат тарады. 1999-2002 жылдары аралығында Платини-Блаттердің кеңесшісі қызметін атқарған. Осы жылдардағы қызметі үшін Платиниге ресми түрде 1 млн франк төленген. Ал дау-дамайға алып келген 2 млн франк келісім-шартта көрсетілмеген. Өз кезегінде УЕФА атқару комитетінің өкілдері бас қосқан жиында сөз алған аталған ұйымның бас хатшысы Джанни Инфантино жанжалға қарамастан УЕФА-Платиниге қолдау көрсететінін айтты.

Джанни Инфантино, УЕФА бас хатшысы:

Платини УЕФА атынан ФИФА президенттігіне сайланатын бірден-бір кандидат. Одан басқа адамды көріп тұрған жоқпыз. Қазір оған пара алды деген айып тағылып отыр. Біз тергеудің әділ өтетініне сенімдіміз. Бұл мәселе оң шешімін тауып, ол толық ақтаталатынына күмән жоқ. 

 Қызметтерінен 90 күнге шеттетілген Йозеф Блаттер мен Мишель Платини, ФИФА-ның этика жөніндегі комитетінің шешіміне байланысты халықаралық спорттық арбитраждық сотқа шағым түсірді. Жемқорлық жанжалына тап болған Мишель Платинидің позициясы қазір, әлсіз.  Осы орайда ФИФА президенті қызметіне Йордания ханзадасы Әли бен Әл Хусейн негізгі үміткер болып саналады. Еске салайық. 27-ші мамыр күні Швецария полициясы АҚШ-тың федералдық тергеу бюросының ұсынысы бойынша жемқорлыққа қатысы бар деген ФИФА-ның бірқатар жоғары лауазымды өкілдерін қамауға алды. Ал 24-ші қыркүйек күні Швейцарияның бас прокуратурасы ФИФА Президенті Йозеф Блаттерге қатысты қылмыстық іс қозғады. Оның ФИФА қаражатын талан-таражыға салғаны анықталса 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.  ФИФА-ның дауыс беру конгрессі 26-шы ақпанға белгіленген болатын.