Түркі тілдес елдердің фестивалі

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2015

Ыстамбұлда түркі тілдес елдердің мәдениетін мен ұлттық тағамын таныстыратын халықаралық фестиваль басталды. Оған оннан аса мемлекеттің жиырмаға жуық қоғамдық ұйымы қатысып, қала тұрғындарына ас мәзірлерін ұсынды. Олардың арасында Анадолы жеріндегі қандастарымызда бар. Фестиваль бірнеше күнге созылмақ. Бір аптаға жоспарлаған фестиваль күн сайын ақшам уақытында басталады. Әр ел өздерінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, фестивалды тамашалауға келген қонақтарға ұсынады. Тисінше, тұрғындар астан дәм татып, бағасын береді. Ал, қандастарымыздың ас мәзірі ұлттық тағамдар, оның ішінде сөк пен талқан және құтыдағы қымызымен ерекшеленді.

Бахаттин Үнвер, Шараны ұйымдастырушы:
Бұл шара 12 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Мұндай фестиваль бауырлас халықтың арасын жақындастыра түсетіні анық. Сондай-ақ, біз бір-бірімізге мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді тереңінен таныстырсақ деген мақсатпен, осы шараны қолға алдық.

Фестивальға қатысушы мемлекеттер, қазір көпшілікке танымал тағамдарынан бөлек, ертеден келе жатқан астарын да әзірледі. Мәселен, Түркияның Самсун қаласынан келген Гүлхан Баcрам Османлылардың замандағы тіске басарын тарту етті.

Гүлхан Басрам:
Бұны біз гөзлеме дейміз. Бұл Түркияның қара теңіз жағасындағы түріктерге тиесілі. Қамырдан дайындалады. Аз уақытта тез әзірленетін жеңіл асымыз. Ортасына сыр, картоп, шұжық салып ыстық темірдің үстіне пісіреміз. Мәселен, бүгіндікке 500-ін дайындадым.

Мердан Башран:
Өте керемет шара. Күн сайын келіп қаншама елдің мәдениетімен танысудамыз. Туысқан елдердің тарихы мен дәстүрін жан-жақты білуге бұл үлкен мүмкіндік. Мәселен, Сіздердің өзіме таңсық астарыңыздан ауыз тиіп, сүйсіндім.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль апта соңына дейін жалғасын табады. Барлық әзірленген тағамдардың арасынан ұнатқанын тұрғындар арзан бағамен сатып алып жатыр.

С.СҮЛЕЙ