Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің тұрғындары жылусыз отыр

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2015
  • 1212

Атырауда мемлекеттік  бағдарламамен салынған үйлердің тұрғындары жылусыз отыр. Нұрсая шағынауданындағы 6 көпқабатты үйде тіпті ауыз су да жоқ. Жас отбасылар, мүгедектер мен жетімдер және бюджеттік сала қызметкерлері сәуірде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұғамбетовтің қолынан пәтер кілтін алған. Көптен күткен баспанаға қолы жетіп қуанған тұрғындар,  енді тіршілікке қажетті су мен жылудың дұрыс берілмей отырғанына шағымданды. Екі жасар Жанель күні бойы осылай көрпеге ораулы күйде отырады. Балалар әлсін-әлсін ауыра берген соң  жас отбасы өзге бөлмелерді жауып тастап, 18 шаршы метрді пешпен жылытып отыр

Айжан Қобыланова, Нұрсая шағын ауданы тұрғыны:

Балдардың бәрі  бір комнатада тығылып отырмыз. Шыны керек, қалың киіммен. Балдар күнде ауырады, демалыс сайын ауырады. Дәріге қырғын ақша кетіп жатыр. Комуслуга төлейміз, үйдің ақшасын төлейміз. Білмеймін не істейтінімізді?

Мұнда ыстық су тұрмақ салқын судың өзі мүлде жоқ. Жоғарғы қабатта тұратындар төмендегі көршілеріне барып, сыздықтап аққан судан жинап алуға мәжбүр. Нұрсаядағы 6 бірдей көпқабатты үйдегі жағдай дәл осындай. Жылдар бойы кезек күтіп баспанаға зарығып  жеткен тұрғындар  өзге баратын жеріміз жоқ деп отыр.Тиісті органдарға жылу мен судың берілуін сұрап, талай рет барған.

Зарипа Берікқалиева, Нұрсая шағын ауданы тұрғыны:

Кішкентай балам бар, күні кеше босанып келген. Оның киімі бар жуатын. Басында бергенде салқын су болады, договор бәріне отырдық. Анда отыр, мында отыр деп. Бәріне отырғызып алып, енді ыстық су да жоқ, салқын су да жоқ, дұрыс отопление де жоқ

Светлана Сағынаева, Нұрсая ауданы тұрғыны:

Горводаканалға барсақ анда жұмсайды, ЖКХ-ға барсақ мында жұмсайды. Допқа ұқсап ойнап жүрміз ғой. Қашан жағдайымыз дұрысталады біздің? Балдар қатып-үсіп отыр үйде, отоплениенің дым жылуы жоқ мына үйде.
Ал пәтер иелері кооперативі болса, тиісті мекемелерге ескерткенін айтып, біздің қолымызда тұрған ештеңе жоқ  деуден танбай отыр.

Нариман Мұхамедиев, «Нариман» ЖК төрағасы: 

Салқын су мәселесі мына насостық станса, насостық стансаны ешкім балансқа алған жоқ. Сондықтан «АтырауЖарық» мекемесі электричестводан айырып тасады.  Сондықтан насостар істемей тұр. Насос істемеген соң 4-5 қатарға су көтерілмейді.Біздер акиматқа да письмо жаздық, ЖКХ-ға да айтылды, Горводоканалға да  айтылды, құрылыс бөліміне де айтылды.

Нариман Мұхамедиев жылу мен ыстық су бірер күнде беріледі деп, тұрғындарға кезекті уәдесін берді. Ал қалалық әкімдік өкілдері 200-ден астам тұрғыны бар 6 үйдің жылусыз отырғанынан хабарсыз болып шықты. Олар жағдайға қатысты қандай да бір сұхбат беруден бас тартты.

 Б.НӘДІРҚЫЗЫ