Қарағандыда бірнеше кәсіпорын қызмет құнын қымбаттатуды ұсынып отыр. Жаңа жылдан бастап, өңірде электр қуаты, су, кәріз жүйелері мен жылу бағасы көтерілуі мүмкін. Монополистер жүйелердің 80 пайызының тозғанын алға тартып отыр. Шағын және орта бизнес өкілдері «тариф көтерілсе, не істейміз» деп дал болуда.
2016-шы жыл қарағандылықтардың қалтасына салмақ салатын түрі бар. Бір емес үш монополист компания коммуналдық желілерді ұстап тұруға қаражаттың жеткіліксіз екенін айтуда. Тығырықтан шығу үшін, олар тарифті өсіруді сұрап отыр. «Қарағанды су» алдағы 5 жылда судың текше метрін біртіндеп қымбаттатуды ұсынады. Оған сәйкес суық су бағасы 67 пайызға, ал кәріз желілері қызметінің құны 83 пайызға өспек. «Теплотранзит Қарағанды» кәсіпорны өз тарифін 54 пайызға, ал «Қарағанды Жарық» бірден 80 пайызға өсіруді сұрап отыр.
Монополистер тарифтерді алдағы 5 жылда біртіндеп қымбаттатуды көздейді.Осы уақыт ішінде жылу мен электр желілерін қалпына келтіріп, ауыз су құбырын алмастырмақшы. Су тазалау стансасының жағдайы нашар екенін жеткізген «Қарағанды Су» өкілдері де соңғы жылдары шығынға шаш-етектен батқанын айтып отыр. Жаңа жөндеу машиналары керек. Су айдайтын насос стансалары ескірген. 450 шақырымдай су құбыры ауыстыруды қажет етеді. Кәріз жүйелерінің де әбден тозығы жеткен
Николай Сеньковский, «Қарағанды Су» ЖШС бас директорының орынбасары:
Темірбетоннан жасалған бұл құбырлардың төселгеніне 40 жыл өтті. Ауыстыратын уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Қазір әбден жарамсыз болып қалған
Монополистер бұған дейін «Ақ бұлақ» және «Нұрлы жол» бағдарламалары арқылы мемлекеттен тиімді несие ретінде көмек алып келген. Пайыздық үстеме жылына 0,02 пайыздан аспайды. Тек, бұл қаржы теңізге тамған тамшыдай дейді «Теплотранзит Қарағанды» мекемесінің өкілі. Өйткені, электр қуатының бағасы қымбат
Алданыш Кунуспеков, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС бас директорының орынбасары:
Заңның талабы осы. Бұрын мұндай болмаған. Қазір монополияның барлық субъектілері бекітілген тарифпен жұмыс істеуі керек. Өйткені, кәсіпорын өзін-өзі ақтауы тиіс.
Асхат Жапсарбай, Қарағанды облыстық Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті директоры:
Менің ойымша, олардың өтінішімен келісе салуға болмайды, кейбір талаптарынан бас тартамыз. Бірақ бұл іске қатысты бір шешім қабылдауымыз керек. Енді тәуелсіз сарапшылардың шешімін күтеміз.
Жергілікті кәсіпкерлер дағдарып отыр. Өйткені, өндіріс шығындары электр қуаты мен су бағасына тікелей байланысты.Нан, сүт пен май, макарон өнімдері жаппай қымбаттауда. Наубайханалар қолда бар ұн қорының есебінен жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы қымбатшылық салдарынан кейбір цехтардың жабылып қалғанын жеткізді.
Жомарт Алдоңғаров, Кәсіпкерлердің еуразиялық қауымдастығының төрағасы:
Жағдай күрделі. Өйткені, бәсекеге төтеп беру қиын.Амалы таусылған кәсіпкерлер бағаны өсіреді. Ал енді бірі онсыз да қымбат тарифті көтере алмайды. Осыған қарап, «кәсіпкерлер үшін түк істемей, бос отырған тиімді ме» деген ойға келдік.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің өкілдері түптің түбінде тарифтердің қымбаттайтынын жеткізді. Ал қарағандылық тұтынушыларды толғандырған сауалдың нақты жауабы желтоқсан айында белгілі болмақ.
Е.КАРИН