«Бәйтерек» ұлттық холдингінің «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасы бойынша 8 компания іріктелді. Бұл жөнінде холдингтің басқарушы директоры Қаныш Төлеушин мәлімдеді. Кәсіпорындар арасында чемпиондарды анықтау Малайзия тәжірибесіне сүйене отырып жасалған. Бағдарламаға қатысу үшін 300-ден астам қазақстандық компания ниет білдірді. Үздік сегіздікті «Бәйтерек» холдингінің сарапшылары мен McKinsey&Company халықаралық консалтингтік компаниясы таңдаған. Енді бұл кәсіпорындар, экспортқа бағдарланған бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негізделмек.
Қаныш Төлеушин, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры:
Іріктеу кезінде өсім қарқыны жоғары компанияларға басымдық берілді. 16 млрд. теңгені құрайтын сегіз компанияның қаржылық қолдауы мақұлданды. Бағдарламаға қатысушылар 3-5 жыл көлемінде Қазақстанда бұрғылау жабдықтары мен трансформаторлар және автобус құрастыру өндірісін іске қосады деген жоспар бар. Балалар тағамы, құрылыс материалдары мен майлы дақылдар өндірісі бойынша кәсіпорындар салады деп күтілуде.
Л.ҚАЗИАҚПАРОВА