Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отанның» Ақтөбе облысындағы қоғамдық қабылдауы жыл басынан бері 2 жарым мыңдай арыз-шағымды қараған

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2015
  • 1765

Баспана, балабақша, жалақы жайы. Ақтөбе облысының тұрғындарын мазалайтын негізгі тақырыптар осы. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына келіп түскен өтініш-арыздардың дені аталған мәселелерді қамтыған. 2 жарым мыңдай адам партияның жергілікті филиалына түрлі сауалдармен барса, оның 500-ге жуығы шешімін тауыпты.

Інісі мен келіні кенеттен көз жұмған соң, Аманғали Кенжеғалиев жетім қалған 3 баланы бауырына басқан. Бүгінде 5 баланың әкесі. Үлкен отбасы кірпіш зауытында жұмыс істейтін отағасының жалғыз табысы асырап отыр. Мемлекет беретін жәрдемақы да, күнделікті қажеттерінен аспайды. Ал балалардың алды 2-3 жылдан соң, мектеп бітіргелі отыр. Осыған қамданған қамқор әке оқуға түсіру үшін партиядан көмек сұрай барған. Демеуші табылып, арнайы депозиттік есепшотқа бастапқы жарнасын салыпты. 

Аманғали Кенжеғалиев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Жылы қабылдап, жылы сөйлеп, ағалап сүйітті. Сонысына риза болдым. Сертификат берді. Осылай ақша аударып отырамыз деді. Қолымызға ақша берді. Сосын банкте счетты өзіміз аштық.

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына келіп, мәселесі шешілген жандардың бірі - Мәдина Болатова. Одессада мүгедек баласын емдетіп келіпті. Жол-пұл мен емге қажетті қаражатты жинауға партия өкілдері жәрдемдескен.

Мәдина Болатова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Мен басымнан өткен барлық ауыртпалықты айтып бердім. Баламның өмір үшін қалай күресетінін де жеткіздім. Ми-неврологиялық дертінен айығу үшін көмек сұрадым, бетімнен қайтармады. Одессада 2 апта ем алып қайттық. Нәтиже бар. 7 күн дегенде әріптерді атай бастады.

Тек жыл басынан бері облыс тұрғындарынан 2 жарым мыңға жуық арыз-өтініш түскен. Олардың 4-тен бір бөлігі өз шешімін тапқан.

Нұрхан Ағниязов, «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

Өтініш шағымдардың 14 пайызы осы тұрғын үй мәселесі бойынша. Екіншісі жаңағы жұмыспен қамту мәселесі, ол 29 пайызды құрап отыр. Біз мүмкіншілігінше оларға түсініктеме береміз. Бар жағдайда оларға көмек береміз.

Жергілікті билік өкілдеріне де көңілі толмай келгендер де сауалдарына жауап тапқан. Аймақта 14 қоғамдық қабылдау бөлмесі бар. Ондағылар ақтөбеліктерге қол ұшын беріп, ақыл-кеңес беруге дайын екендерін айтады.

 М. ЕСҚОЖИН