Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұнай өңдеу, маман дайындау, параллельдер...

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2015
  • 2017

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рахымбек Әміржановтің «Астана» арнасына берген арнайы сұхбатынан ұққанымыз – мұнай өңдейтін 4-зауытты салу үшін Иран және Қытаймен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Екі мемлекет те құлшынып отыр.

Рахымбек Әміржанов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

 Иранның қызығушылығын негіздесек - Иран мұнай өндіріп, өңдегенімен мұнай өнімдерінің тапшылығы 40 пайызды құрайды... Иран халқының көбі солтүстікте, ал мұнай өңдеу зауыттары оңтүстікте. Мұнайды оңтүстіктен солтүстікке  айдау қып-қызыл шыған. Сондықтан олардың солтүстік аймағына түйісетін біздің батыс өңірімізде дайын мұнай өнімдерін шығаратын зауыт салынуына аса мүдделі. Ал қытайлардың қызығушылығы – Маңғыстау облысында өндірілетін 18 миллион тонна мұнайдың айтарлықтай бөлігін қытай компаниялары өндіреді. «Маңғыстау мұнай газ-да» СNPC-ң үлесі 50 пайыз, «Қаражанбаста» «Ситиктің» үлесі 50 пайыз, Солтүстік Бозашыдағы «Синапектің» үлесі 100 пайыз. Яғни логика мынадай: Қазақстан ішкі нарығына 1,5 миллион тонна қалдырса, Иран солтүстігіне жөнелтсе, соның есебінен қытайлар Иранның оңтүстігінен мұнай алып, өздеріндегі мұнай өңдейтін зауыттарға тасиды... Бұл «жібек» болмаса да, мұнайлы үшбұрыш. Қазір біз осы инвесторлармен жұмыс істеп жатырмыз. Техника-экономикалық негіздемесіне кіріспекпіз. Айта кететіні, жоба мемлекет емес, инвесторлардың ақшасына қаржыландырылады. Қазақстандық компаниялар қатысуға ықылас танытса, мархаббат.

Әкім орынбасарының сөзіне сүйенсек, қытайлар қуаты 6 миллион тонна, құны 5 миллиард доллар зауыт салуды ұсынған. Парсылар одан да қуатты зауытты қарастырады. Тиісінше, 5 миллиард доллардан да қымбат. 

Енді маңызды деталь: шенеунік -қытайлармен ескі қондырғы әкелмеуге уағдаластық- дейді. Сапасы жоғары еуро 5, еуро 6 шығару үшін қытайдың ескі-құсқысы жарамайды. Бұл жерде мән беретіні – қытайлардың жыртықты «бүтін» дей салатынын жанама түрде болса да, мемлекеттік қызметшінің айтқаны...

БЕЙНЕҚЫСТЫРМА

Иә, «саламыз», «салмаймыз» деп жүрген үкіметтің мұнай өңдеу зауытының қажеттігін мойындамасқа амалы қалмаған. Енді мәселе - әлгі «мұнайлы үшбұрыштың» үшінші бұрышының «нағыз бұрышты» құрағанында. Мысалы, қытайларға ескі-құсқы қондырғы қойдыртпау, шын мәнінде жоғары сапалы және жететін жанар-жағар май шығарып, «мұнайлы елде тұрғанмен бензин тапшы» деген ащы күлкіні тыю... Астана инвестфорумында бірнеге спикерді өзім тыңдағам, Азия-Тынық мұхиты аймағы экономикалық кеңесінің бұрынғы атқарушы директоры сингапурлық Майкл Тэй-дің әңгімесі анық дүниелерді еске түсіреді. Сингапур, пайдалы қазба байлығы жоқ, жері де ұлтарақтай, бірақ нағыз «жолбарыс» елге айналған мемлекет. «Бар мәселе білікті маман дайындауда» - деді, Майкл мырза. Және, қасаң, жалған, болашақта идея болып қалатыны белгісіз идеологиямен айналыспаған.

 Майкл Тэй,  АТЭК /АТЭС/ бұрынғы атқарушы директоры:

Осыдан оншақты жыл бұрын біз мұнай өңдейтін зауыт салдық. Бізде әрине, жер де тапшы. Қазба байлықтарды айтпағанда... Сіздер Сингапурге сарапшыларыңызды жіберіп, біздің мамандармен қалай жұмыс істеу керектігін талқыласаңыздар болады.Ізденгеннің бәрін оқытуға әзірміз.

Джим Роджерс, миллиардер:

Сіздерде 3 мұнай өңдеу зауыты бар. Олар кеңес заманынан қалған зауыттар. Енді сіздерге қазіргі заманға сай зауыт салу керек. Сіздер әсем қала салдыңыздар ғой, енді қазіргі заманғы коммуникациялар, мұнай өңдейтін зауыт салу қажет. Мен мысалы осы жерде нашар байланыстың кесірінен телефонымды пайдалана алмаймын. Ал оны тіпті Африкада қолданып жүрмін. Сіздерге барлығын заман талабына сай ету керек. Ресурстар жетеді. Кеңес Одағы емес ғой.

 «Кеңес одағы емес деп үміттенемін» деп қайталап айтқаны, коммунистік ми-дың «көпіршігі» шығатын тұстарымызды нұсқағандай.

Тағы бір спикер – Давос форумының бас кеңесшісі Ксавьер Сала-и- Мартиннің тезистері де ұнады. Түйіп қайырсақ: жаңаны сезінбеу және көнелерге жабысып ап, айырылмау – банкротқа ұшыратады. Мысалы, атақты «Нокиа» компаниясы күйреп тынды. Функциясы көп смартфондар бәйгесіне ілесе алмағандықтан. Ащы күлкі туғызатыны, «Нокиа» смартфон құрастырған, бірақ қарапайым телефондары жақсы сатылып жатқасын, өмір бақи солай тұра беретін сияқты, эйфориядан шыға алмай, смартфон өндірісіне мән бермеген. Ақыры «құлағанын» байқамай да қалды. Бұл жерде жүргізуге болатын параллель – мұнай бағасы құлаған сайын бізде де «индустрия-инновация», «бәсекеге төтеп беретін тауар шығару керек» деп, естінің сөзі айтылады. Бірақ шикізат көздерінің бағасы көтерілсе, көзімізді «шел» басады. Алайда көптеген факторларға орай «құлаған баға көтеріледі» принципі жойылуы әбден мүмкін. Тіпті жақын уақытта. Қорытынды жасау қиын емес – «НОКИА»...