Русский Сайттың толық нұсқасы

Айтпағаннан жоқ болып кетпейді...

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2015
  • 1959

Алматы ғана емес, еліміздің мұнай-газ өндіретін аймағы - Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарына мұнай өндірудің жиілігі салдарынан техногендік жер сілкінісінің қаупі төніп тұр. Алматыда сейсмологтардың форумы өткен, сонда Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Жасұлан Жұмашев айтты. Бұл онсыз да жер сілкінісінен қауіптенетін біздің елдің адамдары үшін күрсіністі көбейтетін факт. Алайда  жер сілкінісі АЙТПАҒАННАН ЖОҚ БОЛЫП КЕТПЕЙДІ... Аулақ, әйтсе де Алматыдағы нысандардың жартысы қирайды, шығын ішкі жалпы өнімнің 20 пайызына жетеді, ал... адам өлімі туралы айтып, жүректі дір еткізгім келмейді...

Осы аптада Ауғанстан жерінде зілзала болды. Ошағында 7 баллға жеткен жер асты дүмпуінен ресми мәлімет бойынша 500 адам ажал құшқан. Зілзала нүктесі Алматыдан 900 шақырым қашықтықта жатса да, оның толқындары еліміздің 4 облысына жетті.

 Таңатқан Абақанов, ҚР Сейсмология институтының директоры:

Ол жер сілкінісінің магнитудасы 7,5 балл болды. Оның ортасындағы тербелісі, жердің бетіне шыққанда 9-10 баллға жетті. Бірнеше кишлактар, таудағы ауылдар күйреп кетті.

Ауғанстан-Пәкістан шекарасында болған жер сілкінісінің ертесі күні Алматыда Орталық Азия елдерінің сейсмологтары бас қосқан еді.  Дүниежүзілік банктің ұйымдастыруымен өткен форум дәл осы күнге тап келген. Еуропадан, АҚШ-тан және Түркия мен Үндістаннан келген мамандар өз тәжірибелерін ортаға салды. Елең етерлік мәлімдемелер де жасалды. Кіші Азия түбегі жер асты тербелісіне бейім аймақ. Осы елдің өкілі Казым Елшигин Ыстамбұлда алдағы 30 жылда жойқын жер сілкінісі болжанып отырғанын айтады. Әрине, нақты күнін ешкім есептей алмайды. -Бірақ кешенді зерттеулер кем дегенде 7 баллдық жер асты дүмпуінің жылжып келе жатқанын көрсетеді- дейді, маман. Оның салдары шамамен 20 мың адамның қазасына себепші болуы ықтимал.

Казым Елшигин, Ыстамбұл Апаттан қорғау жобасы тобының директоры /Түркия/:

Мысалы, Измит қаласындағы 1999 жылы орын алған 7,4 баллдық жер сілкінісі 18 мың адамның өмірін қиды. Қала экономикалық жағынан да қатты зардап шекті.  Сондағы басты қателік- халықтың да, тиісті органдардың да апатқа дайын болмауы. Тіпті ескертуге қажетті байланыс құралдары да жөнге келтірілмеген еді.

Форумда Алматы жағдайы да талқыланды. Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы өкілдігі шаһарда жойқын жер асты дүмпуі орын ала қалса, ел бюджетіне келетін қаржылай шығынды есептеген.  Ол - мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 20 пайызынан кем болмайды. Тағы бір дерек: негізі ел  аумағының  18 пайызы тектоникалық қауіпті аумақта жатыр. Бұл өңірлерде шамамен 6 млн. адам өмір сүреді.

Таңатқан Абақанов, ҚР Сейсмология институтының директоры: Көптен бері жер сілкінбесе, ешкім мән бермейді. Егер жер кішкене дірр ете қалса, Алматы халқы дүрілдеп далаға шығып кетеді. Олар бізге хабарламады, әкімшіліктен еш көмек болмады, сейсмологтар жасырды деп шығу жағдайлары болады. Бірақ халық та өз жағдайын өзі ойлауы керек.

 Халық өзі дайындық жасауы керек. Бірақ, «қалай» деген заңды сұрақ туындайды!?  Абақанов мырза жапондардың тәжірибесіне мән беру керек дейді. Ол үшін «еріктілер қозғалысын» жандандыру қажет. Мысалы, 1995 жылы Токиодағы дүлей жер сілкінісінен 6,5 мың адам ажал құшқан. Ондаған миллиондық алып шаһарда адам өлімі болжағаннан 10 есе  төмен болыпты. Сөйтсе, жапондар әрбір көп қабатты үй үшін 1 волонтерден дайындаған. Ерікті өз аумағын ылғи бақылауда ұстаған. Портативтік дабылдама арқылы белгі беруге әзір болған және өзіне бекітілген аумақтағы адамдардың әрқайсысын танып-білген. Тиісінше,  олар апат кезінде халықтың жылдам қимылдауына ықпалдасты-  дейді сейсмолог. 

Таңатқан Абақанов, ҚР Сейсмология институтының директоры:

Егер осындай дүлей сілкінісі қазақтың тарихи, мәдени орталығы Алматыда болса не боламыз?! Осыны ешқандай қиындыққа ұшыратпау мәселесін бәріміз жұмыла отырып, Үкімет, әкімшілік, және біз ғалымдар қосылып шешуіміз керек. Бірақ ол үшін не істерімізді білмей біздер де қиын жағдайда отырмыз қазір. 

Негізі халық табиғат апаттары туралы ақпараттарға елеңдеп отырады. -Бірақ шарасыздық пен бойкүйездік басым, дейді Таңатқан Абақанов. Қарапайым бір мысал. Дамыған елдің азаматтарында «дабыл қапшығы» деген ұғым бар. Ол зілзала ғана емес, өзге де кез-келген табиғи әрі техногенді апаттар үшін адам жанын сақтап қалуға септігін тигізетін бірден-бір құрал. Бірақ осы дабыл қоржынын сатып алу үрдісі неге жоқ бізде?! Мамандар дерегіне сенсек, онымен халықтың тіпті 1 пайызы да қамтылмаған. Сол қарапайым адамдар мән бере бермейтін «дабыл қапшығын» қазір ғаламтор арқылы оңай табуға болады. Бірақ ел арасында қауіпсіздікке қажетті заттар жиынтығын сатып алуға деген құлшыныс мүлдем жоқ, дейді мұндағылар да. Мысалы мына интернет дүкенінде оның бағасы 28 мың теңгеден басталады. Онда апаттан соң кем дегенде 72 сағат өмір сүруге қажетті заттар жиынтығы сақаталады.

ГРАФИКА: Салмағы 3 киллогарммдық дорбаға:

1. Фонарь-радио

2. Құрғақ ас дайындайтын плита

3. Дымға төзімді сіріңке

4. Балауыз

5. Жауыннан қорғанатын плащ

6. Көп салалы пышақ

7. Ысқырық

8. Жіп

9. Суға арналған 10 литрлік құты

10. Терможамылғы, карындаш, блокнот.

 Ал алматылық Нүркен Халықберген зілзалаға үрейлі көзқараспен қарауды қойып, -қарапайым дайындық шараларына назар аудару қажет- дейді. Қалада қауіпсіздікке мән беретін санаулы жандардың бірі үйінде, тіпті көлігінде де «дабыл қоржынын» ұстайды. 

Нұркен Халықберген, Алматы қаласының тұрғыны:

Мен үшін ең маңыздысы жеке басымның және отбасымның қауіпсіздігі. Егер апат болса, алғашқы бір аптада саған ешқандай көмек келмейді. Сондықтан осы мерзімде өзіңді аман алып қалудың қам-қарекеті жасалуы керек. Менің мына жолқапшығымда үш күн өмір сүруге жететін заттар жиынтығы бар.

Республика бойынша 300-ге жуық сейсмикалық бекеттерге иелік ететін Сейсмология инситуты Алматыны қыспаққа алған зілзала үрейін сейілтетін жоба дайындаған. Мекеме басшысының айтуынша шаһар маңында қолдан зілзала жасау идеясы Үкіметте де талқыланған. Әсіресе Тянь-Шань тауының солтүстік жағындағы жер асты қысымы күшейіп келеді. Оның геологиялық қыртысы зерттелген, енді әлемде теңдесі жоқ гидро-аэро-динамикалық сынақ жасау керек. Оның маңыздылығы - шағын жер тербелістерін тудыру арқылы дүлей жер сілкінісінің қаупін анағұрлым төмендету.  

Таңатқан Абақанов, ҚР Сейсмология институтының директоры:

Ал бұл жағдайда халықты сақтап қалудың қандай жолы бар. Біз ұсынып ортырмыз: Осы Алматының Батысы мен Шығысынан қашықтығы 80 шарықым жерден жасанды жер сілкінісін жасау керек. Оның күші эпидцентрінде 6 балла шамасында болады. Оның толқыны Алматыға 1 балла болып қана келді. Халық оны сезбей де қалады. 

 Алматыда сынға ілігетін мәселенің бастысы- ғимараттарды беріктендіру. Қалада 90 мың көпқабатты үй болса, соның 50 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Сейсмология инситутының басшысы жыл сайын шаһарда сейсмикалық беріктендіруге небәрі 10- 15 үйге ғана қаражат қарастырылатынын айтты. Есесіне шаһардың сейсмокартасын жасауға бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінген. Бірақ ол да әлі сызылу үстінде.  Апатты айтпағанда, әлемдік тәжірибеде қаладағы құрылыс саласына инвестиция салуға ниетті шетелдік компаниялар ең бірінші шаһардың «сейсмикалық картасын» талап етеді екен. Сонда сейсмокартаның өзі инвесторлардың талабына бола сызылып жатқаны ғой...

  Р.АСҚАРБЕКҰЛЫ