Директорларға арналған... «кастинг». Шымкентте мектеп директорлары енді ашық конкурс арқылы тағайындалады. Яғни үміткерлер бұрынғыдай тек білім саласы төңірегіндегі шенеуніктердің ұйғарымымен таңдала салмайды. Мұндай ашық байқау осы сәрсенбіде алғаш рет ұйымдастырылды. Қаладағы екі мектепке директор қажет болған - білім ошақтарының бірі жаңадан салынған, екіншісінің директоры зейнетке шығыпты. Байқауға қатысушы 6 үміткер комиссия мүшелерінің Конституция,басқа да аса маңызды құқықтық -нормативтік актілерге байланысты қойған сауалдарына жауап берді.
Әлбетте, үміткерлердің білімі, еңбек өтілі де ескерілді. Комиссияға қала әкімі бас болған. Бастамашы да сол. Ғабидолла Әбдірахымов -бұл тәсіл ең бастысы,«әділдікке» жол ашады, мектеп сияқты білім ұстаханасына тамыр-таныстық арқылы қызметке келудің жолы кесіледі- деп сенеді... Байқау қорытындысы бойынша бір ғана үміткердің бағы жанды. Айман Қамбарованың.
Айман Қамбарова, №95 жалпы орта мектебінің директоры:
Менің жеңіске жеткенімді әкім айтқан кезде өте қатты қуанышта болдым. Қобалжыдым әрине. Қобалжымадым деп айта алмаймын. Әділ өтті барлығы. Барлық сұрақтарға мектепте жұмыс істегенімнің арқасы шығар жауап бердім және оны әділ бағалады.
№ 95-ші мектепке жаңа директорды шаһар басшысының өзі апарып таныстырды. Бұл ұжым АйманҚамбароваға бөтен емес. 15 жылдан бері сонда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келген. Және ашылғаннан бері еңбек еткен ол үшін бұл білім ұясы ерекше ыстық. Мектепте 800 - ге жуық бала оқиды. Мектептің директорлығы тұрмақ, қарапайым мұғалім болып орналасу үшін пара берілетіні туралы әңгімелердің жәй, «сыпсың әңгіме» еместігін көбіміз білеміз. Мына жаңалыққа елеңдеп қалғанымыз сондықтан...
А.ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, Ж.СЛАМБЕК