Астанада өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде 200 тоннадан астам азық-түлік халыққа ұсынылды. Дәстүрлі жәрмеңке тұрғындардың сапалы өнімді қолжетімді бағамен сатып алуына мүмкіндік береді. «Думан» ойын-сауық орталығы алаңында көкөніс пен жеміс-жидектің түр-түрі сатылды. Мұнда келушілер айран-сүт, ет өнімдерін, дәмі тіл үйіретін сапалы балды, өзге де өнім түрлерін біршама төмен бағамен сатып алып жатты. Астана халқына өз өнімін ұсынған 150-ге тарта кәсіп иесінің арасында елордалықтармен қатар, Ақмола және Қарағанды облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері де бар. Жәрмеңке енді күзге дейін жалғасатын болады.
Оразхан Есенғұлова, Астана қаласының тұрғыны:
Бағасы жақсы, арзан, көкөніс, жеміс барлығын аламын, сүт-айранды да. Осындай жәрмеңкеге өзім жиі-жиі келіп тұрамын болған сайын, келіп азық алып тұрамын.
Ризагүл Қайкенова, Астана қалалық әкімдігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы:
500-дей өнім түрі ұсынылуда, өндірушілеріміз бен жеткізушілеріміз 200 тонна азық ұсынып отыр, бағалар нарықтан 10-15 пайызға арзан. Жәрмеңкелер апта сайын жұмадан жексенбіге дейін болады 8 қарашаға дейін.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ