Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде бес қабатты үйдің тұрғындары шатырсыз қалды

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2015
  • 1411

Өскеменде бес қабатты үйдің тұрғындары шатырсыз қалды. Өткен аптаның соңында болған алапат өрттен үйдің төбесі жарамсыз күйге түскен. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен бірнеше сағат бойы арпалысты. Нәтижесінде бесінші қабаттан бастап бірінші қабатқа дейін су сорғалаған. Қазір жүз пәтерлі үй ауқымды жылыжайды елестетеді. Төбесі полиэтиленмен жабылған күйі тұр.

Фаина әжей қабырға мен еденнің, тіпті жиһаздардың да қатты бүлінгеніне қынжылады. Айтуынша, өрт сөндірушілердің суды аямай құйғаны сонша, ол бірінші қабатқа дейін аққан. Шатырдағы өртті  сөндіруге 4 сағаттай уақыт кеткен,ал сыртқа шығарылған тұрғындар пәтерлерінің аман қаларынан үмітті еді. 

Фаина Давыдова

Өзім күнімді әзер көріп отырғанда, осы жағдайға тап болдым. Енді бүлінген заттарды жаңалап, мынаның барлығын  жөндеуге шамам келмейді.

Людмила Краева 

 Біз әлі де сорғалаған суға ыдыс тосып отырмыз. Бесінші қабаттан  су ағып тұр. Төбемізді, жылыжайдағыдай жауып қойды. Бұл енді ақылға симайды.

Өрттің шығу себебін мамандар анықтап жатыр.Тұрғындардың болжамынша тілсіз жауға қаңғыбастар себепкер болуы мүмкін. Өйткені олар шатырды мекендеп алған көрінеді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер шатырды қалпына келтіруге 10 млн теңге қажет екенін, бірақ бұл мақсатқа қазынадан қаржы қаралмағанын кесіп айтты.

Асқар Жақсылықов, «Өскемен қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» МБ басшысының міндетін атқарушы:

Тұрғындар дұрыс түсінуі тиіс. Жөндеу жұмысы мемлекет есебінен жүргізілуге жатпайды. Бірақ  қала билігі бұл мәселеден хабардар, халықты қиын жағдайда қалдырмаймыз.

Жергілікті билік, салынғанына қырық жыл болған үйдің шатырын терможаңғырту бағдарламасы аясында жөндеуді ұсынады. Ол үшін әр пәтер иесі 7 жыл көлемінде ай сайын 800 теңгеден төлеуі тиіс.

Людмила Шестухина- «Исток» ПИК төрайымы: 

Қазір келісімге отырып жатырмыз. Қазпошта арқылы түбіртекпен  төлем жасалады. Бұл шатырды жөндеудің ең оңтайлы  жолы.

Алайда, жұмыс жылдам жүзеге аспайтын сияқты. Өйткені, тұрғындар келісім-шартқа отыруға асығар емес.Қыс болса келіп қалды, сондықтан олар тездетіп шешім қабылмаса болмайды,-дейді тұрғын үйге жауаптылар.

 А. ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ